Демалыс күндеріндегі ауа райы: қар мен боран

«Қазгидромет» кәсіпорнының синоптиктері 2-4 наурыз күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстанға Орталық Азия мен Ресейдің еуропалық бөлігінен бір уақытта циклондардың жылжуы жалғасады. Сондықтан алдағы демалыс күндері республикада күрделі метеорологиялық құбылыстары бар ауа райы қалыптасады.

Қазақстан аумағына Ресейдің еуропалық бөлігінен жылжитын атмосфералық фронттардың әсерінен қар жауып, кей жерлерде боран мен күшті жел соғады және жылудың әсерінен көктайғақ болады. Оңтүстік облыстарда оңтүстік циклонның әсерінен жаңбыр, жабысқақ қар жауып, дүйсенбіде толассыз жауын-шашын түсуі ықтимал, — деп хабарлайды синоптиктер.

Бұл күндері ауа температурасында ауытқу болады, көп аймақта температура климаттық нормадан жоғарылайды. Батыста ғана нормаға жақын және төмен болады.