Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланды

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың жетекшілігімен партия филиалының кезектен тыс XXV конференциясы өтті. Онда ҚР Президенті берген тапсырманың қаншалықты орындалғаны, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға 130-ға жуық делегат қатысып, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасын жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды.

Алматы облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев баяндамасында Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының өңірде іске асырылу барысына кеңінен тоқталды. Облыстың өнеркәсіптегі, ауыл шаруашылығындағы және басқа да маңызды салалардағы бастамалары мен жетістіктерін сөз етті. Цифрландыру жүйесінің жүзеге асырылуына да тоқталып, «Цифрлық партия» жобасы аясында Алматы облысында «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасы бойынша 44 сынып ашылғанын, Талдықорған қаласында 6 «Smart» аялдама кешені орнатылып, Қаратал ауданында «сервистік әкімдік» жобасы іске қосылғанын тілге тиек етті. Ол Жолдау тапсырмасы бойынша биыл облыстағы 99 мыңнан астам кәсіпорын жұмысшыларының, 41 мыңдай бюджеттік қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты.

Облыс әкімі Амандық Баталов ҚР Президентінің тапсырмаларын орындауда біраз істер атқарылғанымен, алда әлі ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын еске салды. Алдағы онжылдықта партия әрбір қазақстандықтың, әсіресе көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру деңгейін арттыруға баса мән беріп отырғанын айтты.

Облыс әкімдігі көпбалалы аналарға көмек ретінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз 1 миллион теңге несие беру, Талдықорған қаласы жанындағы жаңа қалашықта салынатын 156 коттеджден үй бөлу, көпбалалы отбасыларға арнап көпқабатты екі тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арнап облыс әкімінің оқу грантын тағы да 100 грантқа көбейтеміз. Осы санаттағы отбасылардың тұрғын үйлерін газға қосу бағасын инвесторлар есебінен төмендету, жеке тұрын үйлерге тегін газ датчиктерін орнату үшін қаржы қарастыруымыз керек, — деді Амандық Баталов.

Облыс басшысының айтуынша, бұл жұмыс қазіргі кезде өңір кәсіпкерлері тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Жақында ғана жеке кәсіпкер Асқар Сүлейменовтің демеушілігімен Талғар ауданында көпбалалы Жанболаттар отбасы баспаналы болды.

Сол мәліметтер бойынша нақты Әлеуметтік жол картасын әзірлейміз. Сонда облыстағы көмекті қажет ететін отбасылардың ауқымы және оларға қандай қолдау қажеттігі туралы толық ақпаратқа ие боламыз. Негізгі жұмысты сол картаны басшылыққа алып атқарамыз. Мәселен, бүгінге дейін Балқаш ауданы 60-тан астам отбасы мүшесін қабылдап үлгірсе, Еңбекшіқазақ ауданында әлі күнге сегіз адам қабылдаған. Мұндай сылбырлықты немен түсіндіруге болады?, — деді облыс әкімі.

Жергілікті жерлердегі қабылдаулардың қағазда есеп беру үшін емес, нақты оң нәтиже шығару үшін өткізілуін қатаң қадағалайтынын айтты.

Жиында облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.

Конференцияда партия саяси кеңесінің мүшесі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Талдықорғандағы Оқушылар сарайының директоры, бастауыш партия ұйымының төрайымы Ләззат Есболова, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Еркебұлан Ақболатов та сөз алды. Сонымен қатар партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева баяндады.

Осы жиында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне 93 делегат сайланды.