Алматы облысында заманауи тау шаңғысы базасы ашылды

Сарқан ауданындағы тау шаңғысы базасының ашылуына Алматы, Талдықорған және жақын аудан тұрғындары келді. Салтанатты ашылуына аудан әкімі Марат Разбеков пен инвестор Мәмбетәлі Әтешев қатысты. Бұл туралы Алматы облысының коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аудандағы алғашқы тау шаңғысы базасы Жоңғар Алатауы баурайында 20 гектар аумақта орналасқан. Онда ұзындығы 735 метр болатын шаңғы трассасы және 120 метрлік тюбинг трассасы салынды.

Екі жерде тауға емін-еркін көтерілетін арнайы бугельді қондырғылар бар. Одан бөлек конькимен сырғанайтын мұз айдыны да салынды.

Жаңа тау шаңғысы базасында алдағы уақытта облыстық және республикалық қысқы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Жерлестеріне осындай тамаша кешенді тарту еткен Мәмбетәлі Әтешев Теректі өзеніндегі су электр станциясы құрылысынан кейін пайда болған суқойманы көлге айналдырып, ішін балыққа толтырып, халықтың жазғы уақытта да демалуына жағдай жасауды мақсат етіп отыр. Шаңғы базасы негізінде 40 орындық қонақ үй салынып, жақын маңдағы ауыл мектептерінде шаңғы секциясын ашу мәселелері де қарастырылып жатыр.

Белсенді демалыс орнының салтанатты ашылуы денсаулық фестиваліне ұласты. Аудан тұрғындары арқан тарту, қол күрестіру, бұқа тартыс, гір көтеру сынды сайыстарда бақ сынады. Ұжымдар мен кәсіпорындар үздік дастархан мәзірінен жарысып, сахнада өнерін көрсетті.