15 ақпан күнгі ауа райы: жауын-шашын, тұман, көктайғақ пен бұрқасын

15 ақпан күні Қазақстанның көп бөлігі төменгі қысым аймағында болады, соған байланысты жауын-шашын жауады. «Қазгидрометтің» мәліметінше, оңтүстік-шығыста  жауын-шашын мол түссе, оңтүстік пен оңтүстік-батыста күн ашық болады. Республика бойынша арагідік тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, бұрқасын соғуы мүмкін.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, жаяу бұрқасын соғады, жел күшеюі  мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында желдің екпіні секундына 25 метрге жетеді.

Жамбыл облысында көктайғақ болады. Алматы облысында тұман түседі, көктайғақ болады, жел күшейеді. Жалаңашкөл көлі ауданында желдің екпіні секундына 25 метрге жетеді.

Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында арагідік тұман түседі, күндіз жел секундына 20 метрге дейін күшейеді. Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде көктайғақ болады. Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, Түркістан, Қызылорда облыстарында көктайғақ болуы мүмкін.

Жамбыл, Алматы облыстарында және Алматы маңындағы аудандарда температураның жоғарылауына байланысты қар мен мұз еріп, соның салдарынан өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қызылорда облысы аумағында Сырдария өзенінің тасу қаупі бар.

Шығыс Қазақстанда тұман, көктайғақ пен желдің күшеюіне байланысты, Қызылорда, Түркістан облыстарында тұман мен көктайғаққа байланысты ескерту жарияланды.

Республикалық маңызы бар қалаларда ауа температурасы жоғары болады. Астанада сынап бағанасы 2-4 градус аязды, Алматыда 1 градус аяз бен 1 градус жылы аралығын, Шымкентте 6-8 градус жылыны көрсетеді.