Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен ел азаматтарының табысын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс кеңесі аясында халықтың әлсіз топтарын, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Өңірлерде көпбалалы отбасылармен кездесулер және аулаларды аралау барысында жұртшылықтан түскен нақты ұсыныстар қаралды.
Жұмыс тобының негізгі бағыттары ретінде мыналар анықталды:
- бюрократиялық рәсімдерді оңайлату арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуды жеңілдету;
-
мемлекеттің қолдауына мұқтаж көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіру;
-
жергілікті атқарушы органдардың көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды бастауыш сыныпта тегін ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жол жүру билетімен қамтуы;
-
аса мұқтаж көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін муниципалдық арендалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мүмкіндігін жекелей қарастыру.
Кеңеске «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің, сонымен бірге селектор режимінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сараптамалық қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова еліміздің барлық өңірінде шұғыл штабтар құрылғанын айтты. Әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау қызметтері, білім беру, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты 1500-ден астам ұсыныс жинақталған. Азаматтар әкімдіктерге жүгіну арқылы қосымша ұсыныстарын жеткізе алады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері туралы баяндады. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша нақты тетіктер әзірленіп жатыр.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа мектептер салу, бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін тамақпен қамту үлесін кеңейту, ауылдық елді мекендерде білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, олардың қолжетімділігін арттыру және балаларды денсаулық сақтау жүйесімен қамту бойынша орындалып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Үлестеу тетігі көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қымбат тұратын процедураларды, дәрі-дәрмек түрлерін, стоматологиялық қызметтерді алуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы туралы баяндады. Республикалық бюджеттен 2019 жылға әлеуметтік салаға 4,8 триллион теңге бағытталады, бұл бюджеттің барлық шығынының 45%-ына тең.
Жұмыс тобының келесі отырысы 21 ақпанда өткізілмек.