Ерлан Сағадиев білім басқармаларын жабу туралы ұсынысқа пікір білдірді

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның білім басқармаларын жабу туралы ұсынысы жөнінде пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажет. Мектептерді жан басына қарай қаржыландыру аясында білім басқармаларын жабуға болады.

Мұны қарастыру қажет, ойлану керек. Алдымен кездесіп, идеялардың негізін түсініп, ары қарай талқылау қажет. Себебі бұл оңай шаруа емес. Негізі теориялық тұрғыда оны іске асыруға болады. Бұл білім басқару жүйесін толығымен орталықтандыруымыз қажет дегенді білдірсе керек. Осы мәселені мұқият зерделеп шығуымыз керек. Медицина саласында ондай тәжірибе бар, — деді Ерлан Сағадиев.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мектептерді тікелей қаржыландыру аясында білім басқармаларын жауып тастауды ұсынған еді.

Қазір мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Меніңше, ол ақша тікелей Астанадан бөлінетін болса, облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мүлдем қажетсіз болып қалады. Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі мектепке бюджет қаржысы бөлінгенде, ол ақша біраз уақыт жаңағы басқармаларда жатып қалады. Олар оны бүгін бере ме? Ертең бере ме? Ашығын айту керек, бюджет қаржысын үнемдейміз деп, толығымен бермеуі де мүмкін. Артынан кітаптарға, я болмаса, күрделі жөндеуге «ата-аналардан жинай саласыңдар» деп жылы жаба салады. Ол жерде заңбұзушылық көп. Меніңше, ондай басқармалардың бәрін жауып тастау қажет, — деген еді Дариға Назарбаева журналистерге берген сұxбатында.

Ал ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова «білім басқармаларын жабу үшін нақты меxанизм керек» деген пікір айтты.

Негізі, бұл бастаманы іске асыруға болады. Бірақ оны жүзеге асырудың нақты механизмі болуы керек. Бұл мәселені жан-жақты зерделеп шыққан дұрыс. Сосын барлық құрылымдарды дайындап қойған жөн. Әсіресе, мектептер дайын болуы қажет. Негізі, нақты меxанизм керек. Сонда ғана іске асыруға болады, — деді ол.

ДереккөзInform.kz