Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласының орталық алаңында полиция қызметкерлеріне 94 арнайы автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмыстарды ашу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы міндеттерді тиімді атқару мақсатында полиция департаментінің жедел-салалық қызметтері жаңа техникалармен толықтырылды.
Жаңа қызметтік көліктер тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық, табиғат қорғау, көші-қон және басқа да бөлімшелердің жұмысын жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегіне тоқталды.
«Президентіміз «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіндегі басты бағдары болуы тиіс!
Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп, үйлесімді жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары құқықбұзушылық азайып, өңірдегі қауіпсіздік пен жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысы оң нәтиже берді.
Егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда аянбай еңбек етіп, өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен орындай беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!», – деді Мұрат Ергешбаев.
Рәсім барысында ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Тастемір Рахимов пен облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
