Данэлия Төлешова The World’s Вest шоуында актриса Дрю Бэрриморды жылатты

Данэлия Төлешованың The World’s Вest шоуында өнер көрсеткен видеосы жарияланды. Жас әнші Andra Day-дың Rise up композициясын орындады.

Ол Украинадағы таланттар шоуында да осы әнді орындаған еді. Қазылар алқасы Данэлияны «вокал ғажайыбы» деп атады. Алқа мүшесі актер Ру Пол да Данэлияның өнеріне жоғары баға берді. Актриса Дрю Бэрримор көзіне жас алды.

Сен маған өте ұнайсың. Көз жасыма ерік беруге мәжбүрледің, — деді ол Данэлияға.

Данэлия Төлешова шоуда 96 балл иеленді.

Мұның алдында Данэлия Төлешова The Real ток-шоуында The World’s Вest шоуында өнер көрсетер алдында аяғы дірілдегенін айтты.

Бірақ ән айта бастаған уақытта бірден сабырға келдім. Сахнада мен әрқашан бақытты сезінемін, — деді ол.

Бұған дейін The World’s Вest шоуында Димаш Құдайберген өнер көрсеткен еді. Ол өзінің дауыс диапазонымен публиканы таңғалдырып, 100 ұпайдың 98-ін иемденді.

The World’s Вest — CBS телеарнасындағы талантты адамдар туралы бағдарлама. Шоудың қазылар алқасының құрамында актриса Дрю Бэрримор, әнші Фэйт Хилл, актер Ру Пол және ағылшын комигі Джеймс Корден бар. Қатысушылардың өнерін үш негізгі төреші мен әлемнің түрлі еліндегі 50 сарапшы бағалайды.

ДереккөзTengrinews.kz