Google 2005 жылы YouTube-ті сатып алды. Қазір олар — бір компания. YouTube Genesis Qazaqstan — олардың Орталық Азия мен Қазақстандағы дистрибьюторы. Ол YouTube-ті дамыту лицензиясын сатып алды. YouTube Genesis Qazaqstan өздерімен бірге жұмыс істейтін YouTube қолданушыларының авторлық құқығын қорғауға, желіні монетизациялауға, яғни қолданушылардың жобадан табыс табуына жағдай жасауға құқылы. Оның Facebook пен Instagram-нан басты айырмашылығы да сонда, яғни, YouTube Genesis Qazaqstan — creator-лар мен жарнама берушілерді байланыстыратын алаң. Бізге желінің контент-продюсері Ақбота Салғараева мұнда қандай контент жасау қажет екенін және оны қалай табыс көзіне айналдыруға болатыны жөнінде әңгімелейді.
YouTube Genesis Qazaqstan немен айналысады?
Қазір YouTube-тің 250-ден аса қолданушысымен жұмыс істейміз. Оның 40%-ы — қазақ тіліндегі арналар. Оған телеарналар да кіреді. Қазақстан YouTube-інің басты контентін солар жасайды. Қазақстандықтар телеөнімді теледидардан көрмей, уақыт өткен сайын YouTube-ке көшіп жатыр. Трендте де телеарналардың видеосы алғашқы орындарда тұрады. Себебі олардың видеосынан бөлек, қазақстандық жеке контент аз.
Біз өзіміз видео шығармаймыз. Жарнама беруші мен YouTube қолданушы серіктесімізді байланыстырып, авторлық құқығын қорғағанымыз үшін түскен табыстың 45%-ын біз, 55%-ын автор алады. YouTube видеоконтенттен тұратындықтан оны жүргізу қиындау, мысалы, Instagram-да кез келген нәрсені репосттап, әр жерге таратып, басқа жақтан көшіріп, сілтеме жасауға болса, YouTube-те бұл жағы қатаң. Ол үшін дереккөз, дәлел болуы және авторлық құқық сақталуы керек. Тіпті, музыканың да авторынан рұсат алу қажет. Сол үшін біз серіктестерімізге бір жылға арналған әуендер базасын сатып аламыз. YouTube-тің ережесіне қайшы келетін немесе басқа біреуге тиесілі контенті ұрланып немесе автор әуенді рұқсатсыз пайдаланса, монетизациясы өшіріліп, арна жабылуға дейін барады. Біздің серіктесіміздің видеосына осындай қарсылық келсе, біз YouTube әкімшілігіне сұраныс жолдап, жағдайдың мән-жайын анықтаймыз, дәлел келтіреміз, заңды контент болса, автордың құқығын қорғаймыз. Мұндай процесс бізде күніне 10-20 рет болады.
Қазақ тіліндегі арналар тақырып, формат бойынша жақсы дамып жатыр. Соңғы жарты жылда көрермен саны 20-30 мыңға артып келеді. Мұндай жоғары көрсеткіш контенттің сапасына ғана емес, Қазақстандағы интернеттің қолжетімді болуына да тікелей байланысты.
YouTube Genesis Qazaqstan-мен жұмыс істеудің шарттары қандай?
Бірінші монетизацияға қосылу керек. Қосылмаған болса, тіркелген жазылушының саны мыңға, ал қаралған видеоның уақыты 4 мың сағатқа жетуі керек. Бұл — YouTube әкімшілігінің талабы. Біз контенттің сапасы жақсы, ешқайдан көшірілмеген болса, монетизацияға қосып бере аламыз.
Бізбен жұмыс істейтін арналарға техникалық жағынан көмектесеміз. Сол арна бойынша аудит жасаймыз, контентті жарнама берушілерге ұсыну үшін стратегиясын жасаймыз, YouTube-тің алгоритмін түсіндіреміз. Аудиторияны ұстап қалу үшін видеоның мұқабасын қалай қою керек, тегті қалай жазу керек деген сияқты алгоритмді түсіндіреміз.
YouTube-тің ережесі
Басты ережесі — адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін контентке жарнама жасалмауын қадағалау, айталық, бізбен серіктес болғандар терроризм, суицид, құмар ойындары, темекі, алкоголь және тағы басқаларды насихаттай алмайды. Ондай видеоларды арнайы модераторлар қолмен тексеріп, өшіреді.
Осы жылдан бастап YouTube-тен табыс табатындар мемлекетке салық төлеуі керек болады. YouTube Ресейдің аудит компаниясымен бірлесіп осындай норма енгізбекші. Бұған дейін мұндай талап болған жоқ. Себебі бізге шетелден келіп жатқан ақша болғандықтан реттелмеген еді. Трендке ену үшін бұрын бір видео 48 сағат ішінде 50 мың қаралым жинауы керек болды. Қазір қаралымның 5%-ы пікір болуы керек. Содан кейін dislike саны like-тен көп болса, видео YouTube-те тренд контент қатарынан көрінбей қалады.
YouTube-тің жаңа мүмкіндіктері
Қазір YouTube-тен тікелей эфирге шығуға, story салуға болады. Тікелей эфир жақсы дамып жатыр. Жақында «Еуразия» телеарнасы рекорд жасады. Олар YouTube арнасына ешқандай видео салмаса да, бір ғана тікелей эфирден 130 мың көрермен жинады. Қазір тікелей эфирдің уақытын жоспарлап қоюға да болады.
Қазіргі видеоблогерлердің қатесі
Олар құжат, келісімшарт дегенге аса мән бере бермейді. «Бізге монетизация, ақша алып келсе болды» деп қол сілтейді. Кейін YouTube әкімшілігі видеосын өшіріп тастаса, өкініп, бізге ренжіп жатады. Мәселенің бәрі сонда, ережелерді мұқият қарау керек. Әзірше Google мен YouTube қазақша түсінбейді. Блогерлер монетизацияға өтініш толтырғанда да қате жіберіп жатады. Оған да біз көмектесеміз.
Алғашқы қадамды пайда ойламай, сапалы контент жасаудан бастау керек.
Көптеген блогер басын жақсы бастайды да, үш айдан кейін жоғалып кетеді. Қайда кеткенін сұрасақ, «пайда әкелмейді» дейді. Біз оларға «Сен енді бастадың, жарты жыл жұмыс істеші, айына екі видеодан салып тұршы. Сонда жақсы нәтиже болады» дейміз. YouTube-ке ақша табу үшін келмеу керек. Сонда ғана жақсы нәтиже болады. Шығармашылықпен айналысып, қазақша тіліндегі контентті дамытқыңыз келсе, үздіксіз еңбек етіп, жетістікті күту керек.
Ең көп табыс табатын қазақша арналар
Gakku мен «Той думан» арналары айына 5-10 мың долларға дейін табады. Оның 30%-ын біз аламыз. Көрермен саны белгілі бір санға жеткенде біздің алатын үлесіміз азаяды. Себебі біздің қызметіміз — тек серіктестеріміздің авторлық құқығын қорғау.
Блогерлер арасынан алғашқы орында Pazl арнасы тұр. Содан кейінгі орында геймерлер. Олар ай сайын 200-500 долларға дейін табыс табады. Айына 5 миллион қаралым жинаса да, түсетін пайда 400-500 доллардан аспайды. Мұндай көрсеткішке Ресей, Канада, Австралия сияқты елдерде 5-6 мың доллар төлейді.
Қазақша сөйлейтін аудитория не көргісі келеді?
Дүниежүзі бойынша қазір бірінші орында DIY (do it yourself) арналары тұр. Содан кейін көңіл-көтеру, ән, балалар арнасы, спорт, білім және тағы басқа контент. Қазақстанда да сондай, бірақ өзін-өзі дамыту туралы арналар ең соңғы орында. Қазақстан бойынша аспаздық туралы видеолар көбірек трендке шығады. Ал әлем бойынша ол ең соңғы кезекте.
Белсенді қазақ блогерлері кімдер?
Pazl-дан бастап Noni.kz, MikeMiller сияқты «летсплейшиктермен», Құралай Орынбасарованың «Суперкеліншек» арнасымен, «Шоу Ирины Кайратовны», Salem Social Media арналарының барлық жобасымен жұмыс істейміз. Олардың көрермен саны — 100-200 мың арасында.
Suspense арнасы Қазақстан бойынша ең көп ақша табудан бірінші орында тұр. Олар Алматыда отырып, АҚШ, Ресей мен Украинадағы көрерменге арнап видео түсіреді. Әртүрлі тақырыптағы 7-8 арнасы бар. Арнайы өздерінің монтаждаушысы, продюсері бар. Оның табысы біздің телеарналардың YouTube арнасынан табатын қаржысынан 10 есе көп. Екі арнасын ағылшын тілінде жүргізеді. Тек геолокациясын АҚШ деп белгілегендіктен видеосын америкалықтар көреді. Содан олар қомақты қаржы тауып отыр. 10-15 мың долларға дейін пайда көреді. Мысалы, кейбір қырғызстандықтар Ресейде гастарбайтер болып жүріп, видео салады. Сондықтан оларға Ресейдің жарнамасы шығады. Ал Ресейде жарнама қымбат. Содан қырғызстандықтар бізден 5-6 есе көп қаржы табады. АҚШ-та YouTube-тің монетизациясы арқылы Forbes тізіміне кіріп жатқандар бар.
Қазақстандық YouTuber-лер неге аз табыс табады?
Қазақстанда 10 миллион адам YouTube-ке ай сайын 1 рет кіреді. Оның 70%-ы, яғни 7 миллионы апта сайын кірсе, 10 миллионның 60%-ы күн сайын кіреді. Бұл көрсеткіш YouTube-те үлкен трафиктің барын білдіреді. Олар көруге тұрарлық, мол контент болмағандықтан ресейлік «вДудьті», Gakku мен «Той думанды» қайталап көре береді. Бізде контент аз. Сондықтан видеожарнама да аз болады.
Қазақстанда о бастан жарнама беру нарығы дұрыс емес
Көптеген компания бюджетінің басым бөлігі телеарнаға, Instagram-ға бөлінеді. Тек қаржының 5%-ын видеожарнамаға береді. Сондықтан ол түзелмей, қазақстандық блогерлер де қомақты қаржы таппайды.
Жарнама берушілердің көбіне цифр маңызды. Бөлінген қаржыны игеру керек болғандықтан «Бізге 200 мың қаралым керек» деп хайп үшін видео түсіретін арнаға жарнама бергісі келеді. Ондай арнада қаралым көп болғанымен контент жоқ. Олардың аудиторияны ұстап тұру мүмкіндігі — 20%. Хайп үшін жүрген арналар көрерменді алдап, қызық мұқаба қояды. Адамдар видеоны басып, 15 секунд қана көріп, «мынау не бәле?!» деп шығып кетеді. Жарнамаға дейін шыдамайды. Біз арналарды саралап, нағыз сол өнімге қызығатын аудиторияны тауып берсек, оларға 15-20 мың көрермен аздық етеді. Есесіне, онда тірі, саналы, дәл сол тауарды қажет ететін, сауатты аудитория отыр. Ал егер жаңа өнім болса, экранға суретін шығару жеткілікті. Жаңа дүние көрерменнің есіне тез сақталады. Бірақ жарнама берушілерге қаралым маңызды болғандықтан вайнерлерге барады. Қаралым жинауы мүмкін, бірақ онда жұмсалған ақша ақталмайды. Себебі вайнерлер кез келген нәрсені жарнамалайды. Олардың парақшасындағы әр жазба — жарнама. Одан сіздің өнім көрермен есінде қалмайды, ұмытылып кетеді. Аудиторияны дұрыс таңдау керек. Мысалы, балаларға арналған өнімді балалар арнасына қалай бересің? Бала тұтынушы болуы мүмкін, бірақ сатып алушы — анасы.
Адамдар қазір брендке, жарнамаға сенбейді, тек адамдарға сенеді. Хайп бір күн трендте тұруы мүмкін, бірақ ұзаққа бармайды.
Қазақша контент көп ақша әкелмейді, жарнама аз беріледі. Сонда қазақ тілінде видео түсіру тиімсіз бе?
Мұнда пайда табу үшін келмеу керек екенін тағы айтамын. Блогерлердің жіберетін ең басты қатесі де — осы. Дәл осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ақша бар. Шыдам, уақыт керек. Мысалы, 2017 жылы режиссер Қуаныш Бейсеков «Шоу Ирины Кайратовны» арнасын қазіргі деңгейіне жеткізу үшін 1,5 жыл жұмыс істеді. Қазір енді-енді жақсы табыс таба бастады. Ол көбіне сыртқа жарнамадан пайда көреді. Контент көп болған сайын біз де жарнама берушіге жиі ұсына аламыз. Сапалы контенті бар арнаны жақсы жұмыс істейтін маркетологтардың өзі байқайды.
Қазір жарнама біртіндеп Instagram-нан YouTube-ке ауысып жатыр. Кей компания соған бюджетін бөліп, бір жылға жоспарлап қойды. Мысалы, Sulpak жарнамаға қомақты қаржы бөледі. Олар да ақырындап YouTube-ке көшіп келеді. 2020 жылға дейін контенттің 80%-ы видеоконтентке ауысады. Техника дамыған сайын адамдар жалқау болып бара жатыр. YouTube-ті ашып, «Қане, менің көңіл-күйімді көтер» дейді. Facebook саяси әрі демократиялық ойдың ортасы болып кетті. Instagram-ға адамдар кептелісте тұрғанда, тез-тез шолып шығу үшін кіреді. Ал YouTube-ке жұмыстан келіп, тамағын ішкен қолданушы демалу үшін кіреді.
Қазақстандық топ-5 YouTube-арна
- Gakku, «Той думан»;
- Аминка Витаминка;
- «Седьмой канал»;
- «Еуразия 1»;
- Qazaqstan TV.