1. Тамақтану орындары

Уақыт қала тұрғындары үшін тапшы, сол себепті үйден емес, сырттан тамақтанатындарды жиі кездестіреміз. Соның ішінде фастфуд тұтынушылары көп болғандықтан мұны қарқынды бизнеске айналдыруға болады. Бұл кәсіпті бастамас бұрын ірі бизнес орталықтары мен әкімшілік ғимараттардың локациясын ескерген жөн. Мұндай жерде асхана бизнесі өзін сәтті ақтайды. Кей кәсіпкерлер бұл бизнестің небір амалын ойластырып жатыр. Мысалы, халықтың назарын аудару үшін танымал вайнерлердің есімімен ашылып жатқан тамақтану орталықтары да бар.

Тамақ
Фото: newkaliningrad.ru

Нұрсұлтан Нияз:

Қазіргі уақытта расымен қоғамдық тамақтанатын орындар өте көп. Дегенмен көп адам сапаға мән береді. Барлығы осы кәсіпті ашып жатыр екен деп жеңіл қарауға болмайды. Адамдар қай жердің тағамы дәмді — сол жерге барады. Бұл саланың болашағы бар. Себебі тамақ күнделікті тұтынатын өнім болғандықтан бұл әрқашан сұранысқа ие. Егер орналасқан жері, тамағы, қызметкерлері жақсы болса, тұтынушылары да көп болады.

2. Ақпараттық бизнес

Қазір интернет арқылы пайдалы кеңес пен қажетті ақпараты бар контент жасай отырып та, ақша табуға болады. Бизнестің бұл түрі жан-жақты жүргізіледі. Мысалы:

  • тренингтер, семинарлар мен курстар өткізу;
  • көпшілікті қызықтыра алатындай YouTube-канал ашу;
  • танымдық, ақпараттық немесе кәсіптік сайт ашу;
  • Instagram-парақшасында қызық блог жүргізу;
  • жарнама қызметі.

Бұл бизнес көп қаражатты қажет етпейді. Тек біліміңіз бен идеяңыз маңызды роль атқарады. Идеяңыз пайдалы болса, кәсібіңіз де нәтижелі болады.

Instagram желісі. Фото: Оggito.com

Нұрсұлтан Нияз:

Интернет арқылы, YouTube, Instagram парақшасы арқылы табыс тауып жатқан азаматтар көп. Жеке өз басым тек интернет желісі арқылы жарнама беріп, тұтынушыларымды жинап отырмын. Бұл кәсіптің артықшылығы: тікелей өзіңдегі тауардың тұтынушысын таңдап жарнама беру және ұсыну мүмкіндігі жоғары. Бастапқыда тіркелушілерді жинап, жақсы жарнама беру қажет. Одан кейін бәсекелестерді зерттеп, олардан өзгеше қызмет түрін ұсынса немесе тауар бағасын төмендетсе (қосымша акциялар ұйымдастыру), тұтынушыдан жақсы пікір алуға болады.

3. Салауатты өмір салтын насихаттауға негізделген бизнес

Салауатты өмір салтын насихаттауға негізделген бизнес — тұрақты және нақты табыс әкелетін жаңа кәсіп түрі. Бұл кәсіп күнделікті жүргізіліп отырады. Мысалы:

  • адамның жүрген қадамы мен жоғалтқан калорияларын есептеуге арналған құралдарды сату;
  • спортшыларға арналған тамақ өнімдерін дайындау;
  • арнайы мәзірдегі диеталық тағамдарды жұмыс орнына жеткізу;
  • арнайы коктейльдерді дайындау және сату;
  • салауатты өмір салты бойынша дәрістер өткізу;
  • клиенттің физикалық пішінін ескере отырып, жеке тамақтану бағдарламаларын жасау (салмақ тастау немесе салмақ қосу).
  • фитнес-зал ашу;
  • фитнес-жаттықтырушы болу.
Фитнес-жаттықтырушы
Салтанат Тазабек ©Жеке мұрағатынан

Нұрсұлтан Нияз:

Бүгінде фитнес орталықтары мен жаттықтырушылар өте көп.  Бұл да — табысты бизнес. Алайда фитнес-клуб жаттығу залдары тәжірибемде кездеспеді.

4. Полиграфия

Күн сайын әртүрлі тауар мен қызмет ұсынатын жеке фирмалардың көп ашылуы полиграфиялық қызметтің дамуына себепші болып отыр. Фирмалар брошюра, буклет мен үнпарақ түріндегі түрлі жарнаманы, бухгалтерлік есеп жүргізу үшін түрлі бланкі мен формулярды қажет етеді. Мемлекеттік тапсырыстарды да орындайтын полиграфия орындары бар. Мұндай қызметтерге сұраныс артып отырған кезеңде бұл бизнес түрімен айналысу өзін‑өзі ақтайтыны сөзсіз. Типография халық көп жүретін, қолжетімді жерде орналасқаны жөн.

Полиграфиялық орталық, тіркеу
©baribar.kz

Нұрсұлтан Нияз:

Полиграфия (баспахана) — әрдайым сұранысқа ие кәсіп. Бұл салада В2В арқылы, бизнеске қызмет ететін бизнес ретінде жұмыс істеген тиімді деп ойлаймын. Тұтынушылар тарапынан сұраныс ешқашан тоқтамайды, яғни бұл — өміршең бизнес.

5. Интернет-дүкен

Адамдардың көбі сыртқа шығып жүргеннен гөрі қалаған тауарын интернет арқылы алғанды жөн көреді. Интернет-дүкен ашатын болсаңыз, сізге тауар сататын орын немесе дүкен қажет болмайды. Үйіңізде отырып-ақ, кәсібіңізді жүргізесіз. Тек сатылымдағы тауардың жарнамасы жақсы жүргізілуі керек және интернет-дүкенде тауарларыңызды сақтайтын қойма қажет. Сонымен қатар саудаланатын тауардың сапасы мен нарықтағы бағасына да ұдайы мән беру қажет.

Фото: Entrepreneur.com

Нұрсұлтан Нияз:

Интернет-дүкен — қазіргі уақытта ең тиімді кәсіп. Себебі жұмысбасты адамдар үйлерінде отырып, қалаған тауарына тапсырыс береді. Сонымен қатар ойындағы кәсіп түрін ешқандай шығынсыз зерттеп көре алады. Тауар немесе қызмет түрлерін жоғары сапамен тез жеткізіп беріп отырса, болашағы жарқын боларына күмәнім жоқ. Мұндай дүкендер көп болғандықтан сіздің басқалардан артықшылығыңыз болуы керек.