11 ақпан — Ғылымдағы қыз-келіншектердің халықаралық күні Method бағдарламалау мектебі «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының қолдауымен пікірталас өткізіп, ғылым жолындағы қазақстандық әйелдерге мотивация берді. Онда биофизика, химия, ақпараттық технология және математика саласында жетістікке жеткен әйелдер ғылым мен зерттеулердегі әйелдердің ролін, бизнесте көшбасшы болу туралы сөз сөйледі.
Ғылымдағы тәжірибесі жайлы айтқан спикерлердің бірі — Гүлсім Құлшарова. Ол Лондонда биохимия инжинирингі мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. Оның айтуынша, ғылым салаларында гендерлік теңсіздік бар.
Технологиялық инжиниринг саласында әртүрлі жерде тәжірибеден өттім. Барлық жерде әйелдер бар. Бірақ бәрібір теңсіздік байқалады. Уақыт өткен сайын ондағы әйелдердің саны азая береді. Оның себебі — олардың 70%-ында Imposter синдромы бар. Imposter синдромы дегеніміз — өзінің жақсы нәтиже көрсететініне сенбеу, — дейді ол.
Гүлсім Құлшарова шараға қатысушыларға бұл синдромнан құтылудың жолдарын да айтты. Басты жолдарының бірі — өзің сияқтылар жалғыз емес екенін білу. Ол көптеген атақты адамда да жетістікке жеткеннен кейін өзіне сенімсіздік болатынын түсіндірді.
Спикерлердің ең жасы — 11 жастағы Амира Серікбаева. Ол — Technovation 2017, 2018 бағдарламасының жеңімпазы.
Мен ақпараттық технологияларға қызығамын, ментал арифметика курсын аяқтадым. Одан бөлек, 3 жасымнан бастап сурет салып, қазір бимен айналысамын. IT — ерекше сала. Мен осы салада әлі де көптеген жетістікке жеткім келеді. Бұл сала қиындығымен қызық және екінің бірі айналыса бермейді, — дейді 5-сынып оқушысы Амира Серікбаева.
Method бағдарламалау мектебінің директоры Айна Досмахамбетқызының айтуынша, ғылымда әйелдердің жетістікке жетуіне әлі де болса кедергілер бар.
Соңғы кездері кәсіпкер әйелдердің портреті көбірек ашылып келеді. Ал ғылымда еңбек етіп жүрген әйелдер туралы көп нәрсе біле бермейміз. Бүгінгі шара олардың қоғамдағы ролін, Қазақстанда бар екенін, осы салада ақша табуға болатынын көрсету мақсатында ұйымдастырылды, — дейді ол.
Шараға келушілердің көбі — жоғары сынып оқушылары мен студенттер. Олар бұл шара туралы әлеуметтік желілерден біліп, спикерлерден тың идея есту үшін келгенін айтты.
Әлемде соңғы 15 жылда ғылымға қызығатын әйелдердің саны артып келеді. Соған қарамастан оларға бұл салада әлі де шектеу бар. Ресми статистика бойынша 2017-2018 оқу жылында Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында студент қыз-келіншектердің саны артқан (54,3%). Дегенмен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инженерлік-құрылыс салалары бойынша білім алатын ер студенттер көп.