Фатима мектеп оқушысы бола тұра еліміздегі өзекті проблемаларды ескеріп, оларға шешім ұсынып жүр. Идеясын министрлікке дейін жеткізіп, университеттермен бірлесіп жұмыс істеген. 

Фатима Амантай бұл сұхбатта не айтты?

  • MeyirimHand сайты мен 2study мобильдік қосымшасы туралы
  • Сұлулық салон қызметін бір жерден алуға болатын мобильдік қосымша туралы
  • Жоспарлары туралы

MeyirimHand — қайырымдылықпен айналысқысы келетін адамдарға арналған сайт. Ол — әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға киім-кешек пен ойыншықтарды және тағы басқа тұрмысқа қажет заттарды таратуға мүмкіндік беретін ресурс. Адамдардың үйінде қолданылмайтын, жай тұрған қажетсіз заттар көп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, балаларына киім-кешек пен ойыншық алып бере алмай отырған отбасылар да бар.

«Үйде қолданылмай тұрған заттарды неге мұқтаж жандарға беріп, көмектеспеске?» — деп ойладық та, осындай сайт аштық.

Мұнда кез келген адам өзі қолданбайтын затты мұқтаж жандарға бере алады. Тек олар бүтін, таза болса, болғаны. Адамдар сайттан ақпарат алып, заттарын өткізе бастады, кей кезде өзіміз барып, алып кетіп жүрдік.

MeyirimHand қосымшасы
Фото жеке архивінен

MeyirimHand — ең алғаш құрастырған мобильдік қосымшамыз. Бірінші жоба болса да, ауқымды болды. Командамызда екі ментор және бес оқушы қыз еді. Менторлардың бірі — информатика пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшіміз Қайырболат Әмренов, екіншісі — KazRobotics халықаралық робот фестивалінің директоры Айжан Жекеева. Әрине, тәжірибе болмағандықтан біраз қиналдық.

Мұндай жобаларды қалай, неден бастау керек — көбіне осы төңіректегі сұрақтар мазалады. Сондықтан менторлармен үнемі кеңесіп, жобаны өз ішімізде көп талқыладық. Бір жағынан, арнайы режиммен жұмыс істеуге тура келді. Біздің өз дедлайнымыз, оның үстіне 9-сыныпта сабағымызбен бірге мемлекеттік емтихандарға дайындық сабақтарымыз болды. Дегенмен менторлардың арқасында бәріне үлгере білдік.

Method бағдарламалау мектебінің директоры Дегар Дәулетовпен танысып, сайт жасауды неден бастау керек екені туралы көп кеңес алдық. Алғашында қандай сайт ашатынымызды анықтай алмадық. Уақыт өте келе нақты позиция ұстана бастадық. Әрқайсымыздың ойымыз, тілегіміз әртүрлі болғанымен соңында бір мақсатты жүзеге асырдық.

«Елімізде мұқтаж жан өте көп»

Әкімдіктен аз қамтылған отбасылардың тізімін, олардың мекенжайын алып, хабарласамыз. Үйінде қанша адам бар, киімнің қай түрі керек, өлшемдері қанша екенін сұраймыз. Бұл процесс өте маңызды. Себебі тізімде киім-кешекке аса мұқтаж емес отбасылар да болады. Біз олардың үйін ештеңеге жарамайтын затпен толтырғымыз келмейді. Жиналған заттарды, киімдерді қоятын жер таппаған кездеріміз болды. Үйімізге қояйық десек, заттар өте көп, сыймай, ыңғайсыздық туғызады. Содан кейін менің үйімдегі қоймаға қоя тұрайық деп келістік.

Көп заттың бәрін таратуға мұқтаж жандарды таба аламыз ба деген ойда жүрдік. Тізімдегі отбасыларға қайта-қайта бара беруді қаламадық, сондықтан OLX.kz сайтына «Сізге мынандай заттар қажет болса, хабарласып, тегін алып кете аласыз», — деп суретін жүктейтін болдық. 15 минуттан кейін 10 шақты адам қоңырау шалып, заттарды алып кететінін айтты. Осылайша жиналған заттардың жайдан-жай қалмайтынына, әрқайсы өз иесін табатынына сендік.

Фатима Амантай
Фото жеке архивінен

Жобаны таныстырар кезде «Шұғыла» қорының ұйымдастырушыларымен танысып, келістік. Біз сайтты осы қордың басшылығына беріп, олар қайырымдылықты әрі қарай жалғастырып жүр. Алғашқы жобаға шығын кетпегеніне байланысты демеуші іздеудің қажеті болмады.

«Теория мен практиканы ұштастырып оқыту жүйесі қағаз жүзінде қалып қояды»

Екінші жобаға кірісерде сауда орталықтарына камерамыз бен микрофонымызды алып барып, сауалнама жүргіздік. Халықтан қазір оларды не алаңдататынын сұрадық. Сауалнамаға көбіне өзіміз қатарлы жастар, оқушылар мен студенттер қатысты. Оқушылардан болашақта қандай мамандықты таңдайтынын, студенттерден келешекте мамандығы бойынша жұмыс істегісі келе ме, келмей ме – соны сұрадық. Бәрінің жауабын талдай келе, басты проблеманы анықтадық. Мамандық таңдау аса үлкен проблема болып көрінбесе де, бұл — әр адамның қалыптасуы үшін маңызды процесс.

Бізге ең әуелі өзге елдерде бұл процестің қалай жүретіні қызық болды. Зерттей келе дуалдық оқыту жүйесіне кезіктік. Соңғы жылдары оқу жүйесі, оқыту тәсілдері қалай өзгергенін қарап, еліміздегі бОЛон жүйесі, жалпы білім беру бұрыннан, тіпті, І дүниежүзілік соғыс уақытынан бері келе жатқанын білдік. Қаласақ та, қаламасақ та, айналамыз уақытпен бірге күнде өзгереді.

Ал қазіргі жүйе бірте-бірте жойылып бара жатыр. Соңында бір қағаз үшін жасалатын дәрежеге дейін құнсызданып кетті. Еуропа дуалдық жүйеге шындап кіріскен, яғни студент аптаның екі күнінде теория оқыса, қалған үш-төрт күнін тәжірибеге арнайды. Екі күнде оқу орнында болса, қалған күндерін мамандығына байланысты жұмыстарда өткізеді. Дуалдық оқыту — студенттер төрт жыл бойы тек теория оқығаннан кейін жұмыс орнына барғанда өз мамандығын түсінбей тұрмауы үшін қолға алынған жүйе.

Фатима Амантай
Фото жеке архивінен

Сол кезде студенттермен кездесіп, мамандыққа байланысты іс-тәжірибеден қалай өтетінін сұрағанда олар бәрі тек қағаз жүзінде шешілетінін айтты. Әрине, біз қалыптасқан жүйені бірден өзгерте алмаймыз. Дегенмен министрлікке барып, бұл жүйені басқаша қолға алуды, автоматтандыруды ұсындық. Олар ұсынысымызды тыңдағанымен бізді басқа министрлікке жіберді. Содан бәрін өзіміз бастауымыз керек екенін түсіндік.

Фатима Амантай
Фото жеке архивінен

2study қосымшасын жасау осындай ойдан туған. Кез келген студент қосымша арқылы компанияларға мамандығы бойынша тағылымдамадан өтуге бара алады. 2study HeadHunter сайтына қатты ұқсайды, бірақ онда бәрі мамандығына байланысты жұмыс істей бермейді. Сайтымыздың ерекшелігі – кәсіби бағыт-бағдар беретін айдарының бар болуында. Бұл — мамандығын таңдаса да, қайда тәжірибеден өтетінін немесе нақты немен айналысатынын білмей жүргендерге бағыт беру мақсатында туған идея. Алғашында кәсіби бағыт беруді Мәскеу мемлекеттік университетінің тәжірибесі бойынша жүргізсек, кейін Bagdar.kz сайтымен жұмыс істей бастадық.

Демеушіні қалай таптық?

Идеямызды біреуге айтып, қолдау тауып, демеушімен сөйлесу қиындау болды. Өйткені кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушыларымыз. Бірақ бұған қарап қалмадық, ойымызды жүзеге асыруға талпына білдік. Алғаш рет демеуші іздегенде ойымыздың барынша кең көлемде таралғанын, үлкен аудиторияға арналғанын қаладық.

Бірде мектебімізге М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің өкілі келді. Оған жобамызды, идеямызды ұсынып көрдік. Ол кісі қызығушылық танытқан соң университетімен келісіп, жобаны бірге іске асыруды, сайтымызға қолдау білдіруін сұрадық. Мұндай процесс қиын әрі қызық болды. Олардың идеямызды естігендегі, көргендегі әсері, ойы, көзқарасы бізді шабыттандырды.

Фатима Амантай
Фото жеке архивінен

«Сұлулық салондарын бір қосымшаға енгізгім келеді»

2018 жыл мен үшін жағымды жаңалықтардың жылы болды. Өзім маркетолог болып жұмыс істейтін компания мені сұлулық салонының негізін қалаушы ретінде шақырды, ұсынды. Қазір біз үш қыз сұлулық салонының жұмысымен айналысамыз. Салонның дизайнынан бастап маркетингімен айналысамын. Бұл сала елімізде өте жақсы дамып кеткені соншалық, бірсарынды, біртиптегі сұлулық салондары көп. Солардың ішінде ерекшелену үшін қызметті автоматтандырмақпыз, ол үшін қазір арнайы қосымшаны жасап жатырмын.

Әрине, желі арқылы қызмет көрсету барлық салада бар десек болады. Бірақ менің ойым – салонның қажеттілігін арттыру, адамдардың уақытын үнемдеуіне жағдай жасау. Әдетте, салонға жазыларда қыз-келіншектердің уақыты салон қызметкерінің уақытымен сәйкес келмей жатады. Олардың бір-бірімен келісуіне де тәуір уақыт кетеді. Міне, осы процессті жеңілдеткім келеді.

Ол үшін кез келген адам қосымшаға қанша уақытта дайын болуы керегін жазып, өзіне қажеттісін тапса немесе қай шебердің қолы бос, соны анықтаса, бірден тапсырыс берсе екен деймін. Бұл қосымшаны барлығы қолдана алатындай етіп шығару ойымда бар. Сонымен қатар, такси қызметін ұсынатын компаниялармен жұмыс істеуді көздеймін. Мұндай қызмет клиенттің уақытын үнемдеуге бағытталады. Мақсатымды жүзеге асыру үшін тырысып жүрмін. Сұлулық салоны – мен үшін жаңа сала. Бұл саланы барынша зерттеп, көріп, пайдалысын алып жатқандықтан ол өзіме ұнайды.

Фатима Амантай
Фото жеке архивінен

«Жақсы адам болу барлық мақсаттан биік тұруы керек»

Биыл жаңа өмірге қадам басайын деп отырмын, жоғарғы оқу орнына тапсырып, студент атанамын. Бұл — мен үшін өте маңызды қадам. Болашақта өзімді IT саласынан көремін, бірақ әлі нақты бір мамандықты таңдамадым. Оқудан бөлек әлемді танып, ізденіп, көп саяхаттағым келеді. Сонда көп тәжірибе жинаймын, көремін, көкжиегім кеңейе түседі. Болашақта қандай салада жүрсем де, немен айналыссам да, ең бастысы жақсы, мейірімді, дұрыс адам болғым келеді. Әр адам үшін бұл миссия барлық мақсаттан, ең үлкен жетістіктерден биік тұруы керек деп ойлаймын.

Оқуды бітірген соң Париждегі Ecole 42 программалау оқу орнында оқығым келеді. Мұндай мектептер әлемде екеу ғана: Калифорния штатында және Парижде. Жақында Францияға төрт апталық іріктеуге келдім. Жақсы нәтиже көрсетіп, сол оқу орнына түскім келеді. Бұйырса, арманыма жетемін деп сенемін.