Президент көпбалалыларды қолдауды күшейту жөніндегі жұмыс тобын құрды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметінің жанынан ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс тобына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев басшылық етеді. Оның құрамы «Нұр Отан» партиясы, әлеуметтік-экономикалық блок, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер министрліктері және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұрады.

Жұмыс тобы екі ай ішінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет, — делінген Үкіметтің ресми сайтының хабарламасында.

Комиссия жұмысына әлеуметтік салаға қатысы бар үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері тартылады.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні болған жантүршігерлік өрт оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде көпбалалы аналарды әлеуметтік жағынан қорғауды күшейту туралы акция өткізуге бастама көтерілген еді. Астанада, Алматыда және Шымкентте аналар бас қосып, билікке талап қойды.