Астана мен Алматыда көпбалалы аналар билікке талап қойды

Астанада аналар жиналып, билікке талап қойды. Олармен кездесуге Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев келді. Бұл туралы «Азаттық Радиосы» хабарлады.

Ақпанның 6-сы күнгі жиын «Астана» концерт залында өтті. Жиналған адамдар кезек-кезегімен талаптарын білдірді. Олардың кейбірі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері екенін айтты. Шығып сөйлегендердің кейбірінің мүгедек балалары бар.

Жиналғандар негізінен баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы мәселесін қозғады.

Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе — баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін! — деді сөйлегендердің бірі.

Жиында сөз алғандардың бірі — Шолпан Қырғызбайқызы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда «Қазақстанда әрбір балаға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін» деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен. Өздері қойған талаптың қарастырылуына жеті күн мұрсат беретінін айтқан.

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиында көтерілген мәселелердің заң жүзінде қарастырылатынын айтты. Жиналғандардың бірі талаптары орындалғанша ұдайы осылай жиналып тұратынын мәлімдеді.

Алматыда да аналар қала әкімдігіне барып, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әкімдік ғимаратына келген бірнеше адамды шенеуніктер ішке кіргізгенімен журналистердің кіруіне рұқсат етпеген. «Азаттық Радиосы» тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізуге бастама көтергендер де бар.

Шымкентте де көпбалалы аналар әкімдікке барды, бірақ оларды ғимаратқа кіргізбеген. Жиналғандар жарты сағаттай сыртта тұрып тарап кеткен. Мұнда қала әкімдігін полицейлер күзетіп тұр. Олардың арасында азаматтық киімде жүргендер де бар. Күзетіп тұрғандар әкімдік ғимаратына жақын келген қарапайым азаматтарды тексеріп, қандай мәселемен жүргенін сұрастырып жатыр. Әкімдік алдындағы Түркістан сарайы жанында қауіпсіздік күштері мінген автобус тұр. Полицейлердің айтуынша, әкімдік аумағында арнайы рейд жүргізіліп жатыр. Алайда бұл шараның қандай мақсатпен жүргізіліп жатқаны айтылмайды.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың «Көктал-1» ықшамауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес қыз бала опат болды. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт кезінде балалардың ата-анасы жұмыста болған. Қазақстан Президенті өрт салдарынан опат болған балалардың туыстарына көңіл айтты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бұл отбасының әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жатпайтынын хабарлады.