Адамдар көп жағдайда қантты тек шай мен кофеге қосып ішемін деп ойлайды. Негізі ол кез келген соус пен дәмдеуіштің, ұннан жасалатын тәтті тағамның, жеміс-жидектің құрамында болады.
Диетолог Арай Әміренің айтуынша, әр адам қант ағзаға пайдалы болуы үшін қандай тағамдарды тұтынғаны дұрыс екенін ойлауы керек.
Қанты бар өнімнен бірден емес, кезең-кезеңмен бас тартқан дұрыс.
Бірінші аптада газды сусындар мен тетрапакеттегі тәтті шырындарды ішпеңіз.
Екінші аптада ұннан жасалатын тәтті тағамдар мен конфет, шоколадты азайтып, орнына кептірілген жеміс тұтыныңыз.
Үшінші аптада кез келген өнімнің құрамында болатын, біз байқамай қалатын қант түрлеріне мән беріңіз. Олар — глюкоза, фруктоза, мальтодекстрин, декстроза, сукроза. Мұндай қант түрлері көбіне торт пен бәліш түрлеріне, фастфуд өнімдерге қосылады.
Егер үш аптада күнделікті жейтін тағамыңызды қадағалап отырсаңыз, заталмасу процесі қалпына келіп, өзіңізді жайлы сезінесіз, — дейді диетолог.
Маманның айтуынша, қантты алмастыратын заттардың пайдасы көп емес, ол тек миға ағзаның тәттіні қабылдап жатқаны туралы сигнал береді. Егер адам тәттіден бас тартқысы келсе, күніне 20 минут жүгіруі немесе жаттығу жасауы керек. Дене қозғалысынан қан құрамындағы инсулин нормаға келіп, адамның тәттіге тәбеті азаяды.
Қантты көп жеген адамның тісі құрттайды. Қант асқазан-ішек жолдары арқылы ағзамыздағы В витаминін жояды. Қантты көп тұтынатын адамда аскарида пайда болуы мүмкін. Бұлардың ішінде ең қауіптісі — қанттың заталмасу процесіне зияны. Ыстық тамақтан гөрі тәттіні көп жегеннен заталмасу процесі бұзылады. Салдарынан адам артық салмақ қосады, целлюлит пайда болады, көңіл-күйі болмай, шаршап жүреді, — дейді дәрігер.
Қант жеуді тоқтатқанда ағза қалай өзгереді?
- Қанттан бас тартсаңыз, бір аптадан соң заталмасу процесі реттеліп, мидың жұмысы жақсара бастайды, бірақ бұл ми дұрыс жұмыс істеуі үшін қанттан бас тарту керек деген сөз емес. Тек тәттінің орнына басқа өнімдерді пайдалануға болады. Айталық, стевия — қантты алмастыратын табиғи шөп. Сонымен қатар бал қант сияқты тәтті әрі өте пайдалы.
- Адам қарны ашқанын өзінің қалауынан ажырата алады. Себебі қандағы глюкоза мөлшері қалпына келіп, адам артық тамақ жемейді.
Диетологтың айтуынша, қанттан түгел әрі біржола бас тарту мүмкін емес. Адамның күнделікті тұтынатын өнімдерінің бәрінде қант бар. Сондықтан қантты көп мөлшерде қолдануды ғана шектеу керек.
Құрамында қант бар заттар