Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Шетелде тегін оқу: Қазақстан азаматтарына арналған Топ-10 халықаралық грант

Фото: Baribar.kz
Кейінгі жылдары Қазақстан жастары арасында Түркия, Мажарстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Еуропа елдерінің бағдарламаларына сұраныс көп. «Болашақ» халықаралық стипендиясы да әлемнің жетекші университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Осыған орай, шетелде білім алған Baribar.kz тілшісі өз тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстан оқушылары мен студенттеріне арналған ең танымал халықаралық гранттарды таныстырады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы

«Болашақ» халықаралық стипендиясы — бұрынғы президент бастамасымен құрылған, еліміздің талантты жастарына әлемнің ең үздік университеттерінде мемлекет есебінен білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама.

Шәкіртақы нені қамтиды?

«Болашақ» — әлемдегі ең үздік стипендиялардың бірі. Ол студенттің барлық шығынын өтейді. Университеттегі оқу құны толық төленеді. Ал өмір сүру шығынына (тамақ, жатақхана, көлік) ай сайын қаржы бөлінеді. Мысалы, АҚШ немесе Еуропа қалаларында бұл сома, шамамен 1500–2500 АҚШ доллары болады. Оқуға бару, оқу аяқталғаннан кейін Қазақстанға қайту билеттері төленеді және шетелде білім алу кезеңінде медицина сақтандыруы толық қамтамасыз етіледі. Виза рәсімдеуге қатысты барлық шығынды да мемлекет өтейді.

Оқу бағыттары

Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша басымдық мына бағыттарға берілген: магистратура (1 жылдан 2 жылға дейін). докторантура (ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған) және тағылымдама (ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, мемлекет қызметкерлері және тәжірибелі мамандар үшін 1 айдан 12 айға дейінгі кәсіби тағылымдама).

Негізгі талаптар 

Үміткерлерге қойылатын талап өте қатаң. Мұнда IELTS емтиханынан кемі 6.5 ұпай жинау керек. Кейбір мамандықтар бойынша 6.0 жеткілікті болғанымен, әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсуге 7.0 және одан жоғары болғаны жөн. Ал академиялық үлгерім, GPA (бакалавр дипломының орташа балы): 4.0 жүйесі бойынша – кемі 3.0; 5.0 жүйесі бойынша, кемі 4.5 болуы керек. Көптеген санат бойынша 1–2 жыл еңбек өтілі талап етіледі. Тағы бір талап – үміткер «Болашақ» бағдарламасының тізіміне кіретін әлемнің жетекші университеттерінің біріне өз бетінше түсіп, шартсыз шақыру (Unconditional Offer) алуы қажет.

Іріктеу кезеңдері

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады.

Кешенді тестілеу: үміткердің психологиялық дайындығы мен қазақ тілін білу деңгейі (ҚазТест) тексеріледі.

Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат: бұл кезеңде талапкердің кәсіби білімі, таңдаған мамандығы, ынтасы мен болашақ жоспары бағаланады.

Республикалық комиссияның шешімі: қорытынды кезеңде стипендия тағайындау туралы соңғы шешім қабылданады.

Оқу аяқталғаннан кейінгі міндеттеме

«Болашақ» бағдарламасы — несие емес, мемлекет тарапынан жасалған инвестиция. Сондықтан бағдарлама түлегінің белгілі бір міндеттемелері бар. Біріншіден, оқу аяқталғаннан кейін түлек міндетті түрде елге қайтуға тиіс. Екіншіден, Қазақстанда өз мамандығы бойынша үш жылдан бес жылға дейін еңбек етуі қажет. Үшіншіден, бағдарламаға қатысу үшін жылжымайтын мүлік кепілге қойылады. Бұл — мемлекет қаражатын мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін қарастырылған талап.

Қалай дайындалу керек?

Үміткерде IELTS нәтижесі 6.5  болмаса, құжат қабылданбайды. Үміткер «Болашақ» бағдарламасының ресми сайтындағы басым мамандықтар тізімі мен серіктес университеттер тізімін қарап, сол оқу орындарының бірінен шақыру алуы қажет.

Ресми сайт: Bolashak.gov.kz

Түркия (Türkiye Bursları)

Мұнда оқу, жатақхана, әуе билеті және ай сайынғы шәкіртақы — бәрі тегін.

Деңгейлер: бакалавриат, магистратура, докторантура.

Мерзімі: өтінімдер жыл сайын 10 қаңтар мен 20 ақпан аралығында қабылданады.

Академиялық үлгерім: бакалавриатқа аттестат орташа балы 70%-дан (100-ден), ал медицина мамандықтарына 90%-дан төмен болмауы керек.

Жас шектеуі: бакалавриат: 21 жасқа дейін. Магистратура: 30 жасқа дейін. Докторантура (PhD): 35 жасқа дейін.

Тіл білу: түрік тілін білу міндетті емес (1 жыл тегін тіл курсы беріледі), бірақ ағылшын тілінде оқығыңыз келсе, IELTS (6.5+) сұралады.

Түркияда екі таңдау бар:

Түрік тілін білу: IELTS керек емес, бірақ сертификатыңыз болса (мысалы, 0+), бұл сіздің портфолиоңызды күшейтеді.

Ағылшын тілін білу: Түркияның топ университеттері (METU, Boğaziçi т.б.) кемі 5 — 7.0 балл талап етеді.

Құжат: төлқұжат, аттестат (немесе 11-класта оқитыны туралы анықтама), екі ұсыныс хат (мұғалімнен) және мотивациялық хат.

Сайт: Turkiyeburslari.gov.tr

Еуропа Одағы: Erasmus Mundus (Joint Master Degrees)

Бұл — магистратурада оқығысы келетіндерге арналған ең үздік бағдарлама. Ерекшелігі сол, екі жыл оқу барысында Еуропаның екі немесе үш елінде (мысалы, бірінші семестр Францияда, екінші семестр Италияда) оқисыз.

Шәкіртақы нені қамтиды: оқу ақысы, ай сайынғы 1400–1500 еуро шәкіртақы, жол шығыны мен сақтандыру.

IELTS талабы: 6.5 – 7.0.

Сайт: Erasmus-plus.ec.europa.eu

Мажарстан (Stipendium Hungaricum)

Екі ел арасындағы келісім бойынша, жыл сайын 250-ге жуық Қазақстан студентіне грант беріледі.

Мажарстан гранты екі сатылы іріктеуден тұрады: алдымен Қазақстан (Болашақ орталығы), сосын Мажарстан тарабы тексереді.

IELTS: міндетті түрде сертификат керек (кемінде 5.5 немесе 6.0).

Академиялық үлгерім: үлгерім өте жоғары болуға тиіс (4.5/5.0-ден жоғары).

Медицина анықтамасы: АИТВ, В/С гепатиті және мерез бар-жоғы тексерілген анықтама талап етіледі.

Мотивациялық хат: неліктен дәл осы мамандықты Мажарстанда оқығыңыз келетінін ағылшынша жазып, дәлелдеуіңіз қажет.

Сайт: Stipendiumhungaricum.hu

Оңтүстік Корея: GKS (Global Korea Scholarship)

Әлемдегі ең көп шәкіртақылардың бірі, бірақ іріктеу өте қатаң.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: оқу ақысы, ай сайынғы көп шәкіртақы (1 млн воннан астам), әуе билеті, бір жылдық корей тілі курсы, зерттеу жұмыстарын қолдау.

Талабы: GPA 80%-дан төмен болмауы керек. Кореяда бәсеке өте жоғары.

Ең төменгі шекті балл: IELTS 6.0.

Грант алу үшін: 7.0 немесе одан жоғары балл жинағандарға басымдық беріледі. (IELTS 7.0+ иегерлеріне іріктеу кезінде қосымша ұпай қосылады).

Жас шектеуі: бакалавриат (25 жасқа дейін), магистратура (40 жасқа дейін).

Артықшылығы: сізде TOPIK (корей тілі) немесе IELTS жоғары болса, мүмкіндік те көп.

Сайт: Studyinkorea.go.kr

Германия: DAAD

Германияда мемлекеттік университеттердің көбінде оқу тегін. DAAD гранты студенттің өмір сүру шығынын өтейді.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: ай сайынғы шәкіртақы (900-1200 еуро), сақтандыру және жол шығыны.

Талабы: көбіне магистратура мен докторантураға арналған және неміс тілін (TestDaF) немесе ағылшын тілін (IELTS) білу міндетті.

Ерекшелігі: түлектердің жұмыс тәжірибесіне және ғылыми жобасына қатты мән беріледі.

Сайт: Daad.de

Румыния: MFA Scholarships

Шығыс Еуропада білім алғысы келетіндерге өте жеңіл бағдарлама. Румыния үкіметі жыл сайын ЕО-ға мүше емес елдердің азаматтарына грант бөледі.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: тегін оқу, жатақхана және ай сайынғы шәкіртақы (шамамен, 70–90 еуро).

Ерекшелігі: тіл сертификаты (IELTS) міндетті емес, румын тілінде оқитындар үшін бір жылдық тегін курс беріледі.

Сайт: Studyinromania.gov.ro

Франция: France Excellence (бұрынғы Eiffel)

Францияның үздік университеттерінде магистратура мен докторантурада оқуға мүмкіндік береді.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: ай сайынғы 1181 еуро (магистрлерге) және 1700 еуро (докторанттарға) шәкіртақы, сақтандыру және мәдени іс-шаралар.

Тіл талабы: француз (DELF/DALF) немесе ағылшын (IELTS 6.5+).

Сайт: Campusfrance.org

Жапония: MEXT (Monbukagakusho)

Жапония үкіметінің ең беделді гранты. Ол екі жолмен беріледі: елшілік арқылы немесе университет ұсынысы.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: тегін оқу, ай сайынғы шәкіртақы (117,000 — 145,000 иена), әуе билеті және бір жылдық жапон тілі курсы.

IELTS талабы: 6.0 — 7.0 немесе жапон тілін білу (JLPT).

Сайт: Kz.emb-japan.go.jp

Словакия: National Scholarship Programme

Словакия үкіметі студенттерге, магистранттарға және оқытушыларға арналған қысқа мерзімді (1-2 семестр) және толық оқу гранттарын ұсынады.

Шәкіртақы мынаны қамтиды: ай сайынғы шәкіртақы (400 — 1050 еуро).

IELTS талабы: көбіне 6.0.

Сайт: Scholarships.sk

Мақалаға реакция