Не болды?
Қылмыстық топ Қырғызстанға АИ-92 деген маркадағы бензинді заңсыз тасымалдаған. Бензин көлемі — 190 мың тонна. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Қаржы мониторинг агенттігі мен шекара қызметі мамандары бірлесіп, жанар-жағармайды елден заңсыз шығарып, шетелге тасымалдаған азаматтарды анықтады. Қылмыстық топ Қырғызстанға АИ-92 деген маркадағы 190 мың тоннадан астам бензинді заңсыз тасымалдаған. Қазір қылмыстық топқа қатысты тергеу ісі аяқталды. Заңсыз тасымалданған жанармай құны — 37 млрд теңгеден асады.
Бұдан бөлек, «Түрксіб» бекетінде 500 тоннаға жуық бензин тиелген сегіз теміржолға арналған бензин цистернасы табылды. Бензиннің құны — 138 млн теңге. Тәркіленген бензин мемлекетке қайтарылды.
Агенттік пен шекара мамандары жер астындағы тоннель арқылы Түркістан облысынан Өзбекстанға бензин жөнелтуге тырысқан трансұлттық қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Бұл іс бойынша кінәлі азаматтар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Контекст
Естеріңізге салайық, АИ-95 маркалы бензиннің орташа бөлшек бағасы бір айда 1,3% артып, литрі 308 теңге болды. Ал АИ-98 бензині 3,7% қымбаттап, 334 теңгеден сатылып жатыр.
