Сағат 07.00. Бұл кезде көпшілік шырт ұйқыда. Алматыны тұман басып тұр. Жол дұрыс көрінбейді. «Бүгін жүгірмей-ақ ұйықтай берсем, қалай?» дегіңіз-ақ келеді. Ал жүгіруге шындап кірісіп, марафонға асығып жүрген Space Team командасын мұндай сылтау тоқтата алмайды. Олар сейсенбідегі әдетпен Медеуге келді.

Марафоншылар. Фото: Айгүл Хожантаева

Геннадий Зеленский бастаған топ Медеуге келіп, бұралаң тау жолымен шатқалдың биігіне жүгіріп жетті. Олар көктемде шетелде болатын марафонға дайындалып жүр. Бұл жігіттер — түрлі дистанциядан өткен тәжірибелі марафоншылар. Олар аптасына 6-7 рет дайындалады.

Әр сейсенбі таңертең Медеуге бұралаң жолмен көтерілеміз. Кейде әл-Фараби даңғылынан бастаймыз. Жүгіретін локацияны қандай жарысқа дайындалып жатқанымызға қарай таңдаймыз. Қаладағы саябақтар жүгіруге жарамды, бірақ мен сияқты бапкерлер жеңіл атлетика стадиондарын жөн көреді, — дейді Геннадий.

Геннадий Зеленский
Геннадий Зеленский. Фото: Айгүл Хожантаева

Жүгіретін жерді қалай таңдау керек?

Жүгіруге міндетті түрде жазық жерді таңдау керек. Жаттығатын орын үйге немесе жұмысқа жақын болғаны дұрыс. Сонда жолға көп уақыт кетпейді.

Демалыста күнде жаттығатын орынды көрінісі әдемі, ауасы таза жермен алмастырған жөн. Мысалы, Алматыда Тұңғыш Президент паркі мен Ботаника бағы бар, — дейді ол.

Фото: Айгүл Хожантаева

Жүгіруді қалай бастау керек?

Жүгіргісі келген адам ең әуелі мақсатын нақты айқындап алуы керек. Спортпен айналысатын адамдардың ортасында жүрген де жақсы көмектеседі.

Адам не үшін жүгіретінін білгенде ғана жаттығуды бастаймыз. Нақты жоспар құрып, сол бойынша жүреміз. Ең дұрысы — жүгіретін, шынығып жүрген топқа қосылу. Олармен бірге жаттыққан сенімді болуға, спортты жеңіл қабылдауға көмектеседі, — дейді бапкер.

Фото: Айгүл Хожантаева

Жүгіру иммун жүйесі үшін пайдалы. Ал техника жағынан қалай жүгіру керек екенін жаттығу барысында көрсетпесе, сөзбен айтып түсіндіру қиын.

Жаттығудың адамның денсаулығы мен ішкі дүниесіне әсері бар. Ендеше, өзіңізді жақсы сезіну үшін шыныққан дұрыс. Техника жағынан қалай жүгіру керек екенін айтқаннан пайда болмайды, оны бірден жасау бәрінің қолынан келмейді. Адам жүгіру қабілетін тек арнайы жаттығу барысында шыңдай алады, — дейді ол.

Фото: Айгүл Хожантаева

Қалай киінген дұрыс?

Спорт жабдықтарын шығаратындар бәрін өндіріп жатыр. Тек олардың маусымға орай ұсынған киімінен өзіңізге ыңғайлысын таңдасаңыз болды. Қыста футболка, термокофта, күртеше кию керек. Аяз болса, күртешенің флис тәрізді жылуы барын алыңыз. Бұтқа күн жылыда тайтс, күн суықта оның жылысын кию қажет. Оның үстінен shield технологиясымен тігілетін шалбар киесіз. Мүмкіндігінше шалбардың микрофлисі болғаны дұрыс. Көктем мен күзде футболка, кофта жарайды. Бұтқа тайтс немесе ыңғайлы шалбар кию қажет.

Әсіресе, қыста экипировка өте маңызды. Бұл маусымда 0 градусқа ыңғайланып киіну керек. Жүгіргенде дененің салқындап, ылғалды шығарып тұруына да мән береміз. Жаттығудан кейін ауыстыратын құрғақ киіміңіз болғаны жөн, — дейді Геннадий Зеленский.

Фото: Айгүл Хожантаева

Жүгіретін адамға диета ұстау қажет пе?

Жүгіріп жүрген адамға диета ұстаудың қажеті жоқ, бірақ тамақтану уақытына, оның сапасы мен рационға мән беру керек.

Тағамның пайдасына назар аударып, табиғи өнімді тұтыныңыз. Ал жаттығу артық майдың шығуына ықпал еткен метаболизмді қалпына келтіріп отырады, — дейді жаттықтырушы.

Фото: Айгүл Хожантаева

Геннадий Зеленский жүгіруді кәсіпқой спортшы ретінде 2004 жылы бастаған. 6 жылдан бері Space Team командасы мүшелерін жаттықтырады. Space Team — жеңілатлет дайындайтын мамандардан құралған топ. Мұнда бапкерлер, спорт дәрігерлері мен массажистер қызмет етеді.

Фото: Айгүл Хожантаева

Біздің жаттығу бағдарламамыз әр деңгейдегі спортшылардың төзімін, жылдамдығы мен күшін жақсартуға мүмкіндік береді. Жүгіруді енді бастаған болсаңыз, қалай дұрыс жаттығу керек екенін үйрену үшін келіңіз, — дейді Space Team командасының бапкері.