Зерттеудің нәтижесінде Алматының 6 университеті мен 3 колледжіндегі 1049 студенттің 8,1%-і фастфудтан басқа ештеңе жемейтін болып шықты. Мамандар мұндай жастардың болашағына алаңдап отыр.

Былай қарасақ, фастфуд жейтіндер аз сияқты, 10%-ке де жетпейді. Ең сорақысы — олар жылдам дайындалатын тағамды күнде жейді. 17-20 жастағы студенттер бүгін тек фастфудпен тамақтанса, ертең олардың жағдайы қандай болады? — дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, дәрігер Бақыт Түменова.

Зерттеу кезінде ЖОО студенттерінің 31%-ке жуығы және колледж студенттерінің 24%-і денсаулығындағы проблемалардың тамақтануға байланысты екенін мойындаған. Дұрыс тамақтанбау салдарынан көбі уланған, гастрит, панкреатит, асқазан жарасы, аллергия, тері бөртпесі сияқты ауруларға шалдыққан.

Оқитын жастардың 26%-і тағамды дәміне қарай таңдайды. Студенттер қазір тағамның тәттісіне қызықса, болашақта олар оның сапалы, пайдалы болуы керек екенін ұмытады, — дейді Бақыт Түменова.

Бақыт Түменова
Бақыт Түменова. Фото: «Аман-cаулық» қоғамдық қоры

Зерттеуге қатысқан студенттердің 8%-і күніне бір-ақ рет тамақтанады екен. Бақыт Түменованың айтуынша, жастардың бірқатары мұны қалыпты жағдай көреді, бірқатарының дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ.

Студенттердің тамақтануы
Инфографика: «Аман-cаулық» қоғамдық қоры

Алматы менеджмент университетінде 2015 жылдан бері Service Learning жобасы жұмыс істейді, оның аясында студенттер дұрыс тамақтану бойынша бір семестр сабақ өтеді. Университет оқытушысы Гүлнәр Әсемқұлова мұндай сабақ Қазақстандағы барлық жоғары оқу орнының бағдарламасына енуі керек деп есептейді.

5 жылда 2000-нан астам студент дұрыс тамақтану туралы білім алды, бұл бағытта 90-ға жуық әлеуметтік жоба іске асты. Студенттер қоғамдық, әлеуметтік қорлардың зерттеуіне қатысып тұрады, — дейді Гүлнәр Әсемқұлова.

Мамандардың айтуынша, ата-ана жастардың денсаулығына, тамақтану тәртібіне ерекше көңіл бөлуі керек.

Қазір студенттердің тамақтануы туралы айтып жатырмыз. Негізі бұл — үлкендердің арасында да өзекті мәселе. Көп отбасында тамақтану дәстүрі дұрыс қалыптаспаған болуы мүмкін. Ал студенттер үйінде көргенін істейді. Сондықтан мұндай мәселе тек жастарға қатысты емес, — дейді Бақыт Түменова.

Гигиенист-нутрициолог, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов азаматтарға тұз бен қантты қолдануды шектеуге кеңес берді.

Халық тамақтануға келгенде сауатты болуы керек. Тағамның, азық-түліктің тек сапалысын, пайдалысын таңдап үйренген дұрыс. Соның ішінде қант пен тұздан бас тартуға кеңес беремін. Үйдегі ересектермен де мұны жақсылап ақылдасу керек. Балалар да соған үйренеді, өз үйінде сол дәстүрді қалыптастырады, — дейді академик.

Мамандар
Фото: «Аман-cаулық» қоғамдық қоры

Мамандар халыққа дұрыс тамақтану тәртібін жаппай түсіндіру керек екенін айтты. Үгіт-насихаттың арқасында адамның денсаулық туралы ойы өзгермейінше, нәтиже болмайды.

Мемлекет медицина саласын дамытуға, халықтың денсаулығын жақсартуға қаражат бөледі. Керісінше, олар дұрыс тамақтануды насихаттап, қандай тағамдардың қатерлі ауруларға себеп болуы мүмкін екенін көбірек ескертсе дейміз. Адамды емдеуден бұрын сол ауруды болдырмайтын жағдайларды қарастырып, алдын алып отыруымыз керек. Адамдар қазір ақшаны тамақтан аяғанымен кейін ауырғанда одан да көп қаражат жұмсайды, — дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының басшысы.