Астаналық студенттер Жастар жылын белсенді өткізуге шақырды

Жастарды жан-жақты қолдау мен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың ауқымды жоспары іске асырыла бастады.

Астана әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін «Нұр Әлем» павильонында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр. Шараның тақырыбы — «Тәуелсіздіктің ұрпақтары». Жастар жылына қатысты астаналық студенттер Гүлназ Сейітқамал мен Динара Қанапьянова пікір бөлісті.

Жастар жылын өткізу арқылы еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырамыз. Осы жылы 500-ге жуық мерекелік шара өтеді деп жоспарланып отыр. Жоғары оқу орындары үшін ең басты жиынның бірі — «Жастар жалыны» фестивалі. Фестиваль кезінде белсенді, талантты студенттер бағын сынап, өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл жылдан көптеген өзгеріс күтемін. Болашақ жастардың қолында, біздің қолымыздан келмейтін ештеңе жоқ екеніне сенімдімін. Ең бастысы — бағытымыз айқын, жолымыз жарқын, — дейді Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенті Гүлназ Сейітқамал.

Ал «Тұран-Астана» университетінің студенті Дариға Қанапьянова жастарды осы жылдың белсенді өтуіне атсалысуға шақырды.

Жастар жылынан барша қазақстандық зор үміт күтеді. Өйткені Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Еліміздің болашағын біз қолға алмасақ, кім алады? Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Сондықтан бүгіннен бастап  білім мен өнерге жүгініп, руxани тұрғыда тоқтаусыз дамып, өзімізді бәсекеге қабілетті етіп дайындауымыз керек. Жастар жылы осы ретте бізге зор мүмкіндік болмақ, — дейді ол.

Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев жастарды кешенді қолдау мақсатында 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялады. Кейінірек Жастар жылының логотипі бекітілген еді. Авторлар логотиптің түстік гаммасына ерекше көңіл бөлген. Мысалы, сары түс – позитив энергияны, мерекені, күннің нұрын, көгілдір түс – кеңдікті, шығармашылық әлеует пен достық қарым-қатынасты білдіреді. Көк түс – рухани тазалық мен кемелдікті, қызғылт-сары түс – тұрақтылықтың, қуаныштың, достық қарым-қатынастың символы деп бейнеленген.