Қазақстанда 2019 жыл ресми түрде Жастар жылы болып жарияланды

Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Тиісті құжат Ақорда сайтында жарияланды.

Жастарды кешенді қолдау мақсатында қаулы етемін: 2019 жыл Жастар жылы деп жариялансын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жастар жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын, — делінген жарлықта.

Жарлықтың орындалуын ҚР Президенті әкімшілігі бақылайды. Мемлекет басшысының жарлығы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске салайық, 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 5 қазанда халыққа арнаған Жолдауында айтқан еді.