Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК мамандары 15 қаңтарда ауа райы құбылмалы болатынын хабарлады. Қазақстанның көп облысында жауын-шашын жауып, тұман түседі, көктайғақ болып, бұрқасын соғады.

Алматы облысында тұман түседі, көктайғақ болады, Жалаңашкөл көлі ауданында желдің екпіні 28 метрге дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан облысында жаяу бұрқасын соғады, облыстың Жарма ауданында жел екпіні секундына 25 метрге жетеді.

Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді, Жамбыл, Түркістан облыстарында арагідік жел 23-28 м/с-ке дейін күшейеді. Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстарында да тұман түсіп, көктайғақ болады, бұрқасын соғып, жел күшейеді. Павлодар облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады.

Түркістан, Жамбыл облыстарында және Шымкентте толассыз жауын-шашын мен желдің күшеюіне және тұман мен көктайғаққа байланысты ескерту жарияланды. Алдағы екі тәулікте Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы таулы аймақтарда толассыз жауын-шашын салдарынан өзен-су деңгейі көтерілуі мүмкін.

15 қаңтарда күндіз Астанада 6 градус аяз, Алматыда 5 градус жылы, Шымкентте 7 градус жылы болады.