Басты бет / Жаңалықтар /
ІІМ, полиция, полицей
Фото: ІІМ

Полиция көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болуды ескертті

Қазақстан полициясы азаматтарды көшеде орналасқан күмәнді QR-кодтарды сканерлеуден сақ болуды ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жалған QR-кодтар арқылы адамдарды қауіпті сайттарға бағыттап, олардың жеке және қаржы деректерін иемденуге әрекет етеді.

Полицияның түсіндіруінше, QR-кодтар бүгінде күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Алайда қылмыскерлер де бұл технологияны пайдаға жаратып жүр.

Мамандардың айтуынша, көшеде, автобус аялдамаларында, тұрғын үй кіреберістерінде немесе жарнама тақтайшаларындағы QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі керек. Себебі алаяқтар түпнұсқа QR-кодтың үстіне жалған код жапсырып, қолданушыларды қауіпті сайттарға бағыттауы мүмкін.

Мұндай сайттардың мақсаты – азаматтардың жеке мәліметтерін немесе банк карталарының деректерін иемдену Кей жағдайда адам қажетті қызметтің ақысын төлеп жатырмын деп ойлағанымен, қаражат қылмыскерлердің есепшотына түседі.

Күмәнді QR-кодты қалай анықтаймыз?

Полиция мына белгілерді ескеруге кеңес береді:

  • QR-код басқа жарнаманың немесе хабарландырудың үстіне жапсырылған;
  • хабарландыру ресми рәсімделмеген;
  • «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» сияқты асықтыратын мәтіндер қолданылған;
  • ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген.

Мұндай әрекеттерден қалай қорғануға болады?

Полиция мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  • белгісіз QR-кодтарды себепсіз сканерлемеу;
  • сілтемені ашпас бұрын сайттың мекенжайын мұқият тексеру;
  • күмәнді сайттарға жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеу;
  • белгісіз қосымшаларды жүктемеу және оларға қосымша рұқсат бермеу;
  • төлем жасамас бұрын QR-кодтың ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізу.

Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, полиция дереу банкке хабарласып, банк картаңызды бұғаттауға кеңес береді.

Полиция азаматтарды қырағы болып, цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok