«Тақтар ойыны» сериалының соңғы маусымы қашан көрсетіледі?

НВО телеарнасы «Тақтар ойыны» сериалының 8-маусымының жаңа тизерін жария етті. Бейнероликтің соңында сериалдың соңғы маусымы 14 сәуірден бастап көрсетілетіні жазылған.

Фэнтези жанрындағы танымал телехикаяның қысқаша ресми тизері өткен айдың басында интернетте пайда болған еді.

«Тақтар ойыны» – Джордж Мартиннің «Мұз бен От әні» романына негізделген америкалық телесериал. Сериал ортағасырлық Еуропаны еске түсіретін ойдан шығарылған әлемдегі оқиғаларға құрылған. Мұнда қатар дамитын бірнеше сюжет желісі бойынша көптеген кейіпкер бар. Негізгі сюжет желілері үшеу: біріншісі – ықпалды әулеттердің Жеті Патшалықтың Темір Тағына таласы немесе одан тәуелсіз болу үшін күресі; екіншісі – тақтан құлатылған билеуші династия өкілі – тақты қайтаруды жоспарлап жүрген ханшайымның басынан кешкендері; үшіншісі – мемлекетті солтүстіктен келетін қауіптен қорғайтын ежелгі бауырластықтың іс-әрекеті. Сериалдың алғашқы маусымы 2011 жылдың 17 сәуірінде АҚШ-та көрсетілді.

«Тақтар ойыны» сюжеті, детальдері мен кейіпкерлерінің адам ойламаған іс-әрекеті жөнінен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген. Сериал авторлары «Эмми» сыйлығын 38 рет иеленген. Бұл фильм сонысымен тарихтағы ең танымал сериал атанып отыр. 2018 жылы «Эмми» «Тақтар ойынын» үздік драмалық сериал деп таныды.

ДереккөзZakon.kz