Қазақстан Ресейден жанармай әкелуге тағы тыйым салады

ҚР Энергетика министрлігі Қазақстанға Ресейден жанармай әкелуге үш айға тыйым салу туралы бұйрықтың жобасын әзірледі.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тыйым мұнай өнімін теміржол көлігімен тасымалдауға қатысты.

Қазіргі уақытта құжат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Қаржы министрлігімен келісіліп жатыр. Бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстан Ресей жанармайына 2018 жылдың 26 тамызынан бастап үш айға тыйым салған еді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев тыйым ішкі нарықты тұрақтандыру үшін енгізілгенін түсіндірді. Ол қазіргі уақытта еліміздің жанармайды өз қажеттілігіне сай жеткілікті деңгейде өндіріп отырғанын айтты.

Басқа амалымыз жоқ, әйтпесе, біз мұнай өңдеу зауыттарымыздағы өндірісті азайтуға мәжбүр боламыз, яғни бізге я отандық, я шетелдік өндірушіні қолдауға тура келеді. Біз отандық өндірушіні таңдаймыз. Бұл — уақытша шара, — деді Қанат Бозымбаев.

ДереккөзTengrinews.kz