Қанат Бозымбаев мықты болуының себебі жөнінде әзіл айтты

Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «саясат сахнасындағы салмағыңызды сақтап қалуыңыздың сыры неде?» деген сұраққа жауап берді.

«Күшіңіз неде?» деп сұрасаңыз, 100 келіден астам салмағым бар екенін айтқым келеді. Бәлкім, саяси салмағымның себебі осы шығар. Қалжыңдаймын. Жалпы айтарым, ең бастысы ешқандай қиындықтарға қарамастан жұмыс істеп, нәтижелерге қол жеткізіп, күнделікті стратегиялық шешім қабылдау керек. Кейде шешімдер белгілі бір деңгейде қате болуы да мүмкін. Алайда басшылық қойған міндеттер бойынша алға жылжуымыз керек. Үкіметтің стратегиялық жоспарын орындауға тиіспіз, — деді Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрі осы жылы өзі жетекшілік ететін ведомство стратегиялық жоспарды 100% орындағанын айтты.

Тіпті, кейбір көрсеткіштер бойынша артық нәтижеге қол жеткіздік. Себебі, жұмыс жеткілікті деңгейде жоспарланған еді. Нағыз мамандардың жұмыс істегені өте маңызды. Бағыма қарай Энергетика министрлігінде қарапайым қызметкерден басшыларға дейін нағыз мамандардан құралған ұжым қалыптасқан. Егер осы ұжым болмағанда басшылықтың алдымызға қойған міндеттерін орындай алмай, қазір алдарыңызда тұрмас едім, — деді Қанат Бозымбаев.

ДереккөзInform.kz