Адвокат Денис Тен тапсырыспен өлтірілуі мүмкін деп мәлімдеді

Денис Теннің өліміне қатысты істе жәбірленуші тараптың адвокаты спортшының тапсырыспен өлтірілуі мүмкін екенін айтты. Алдын ала сот тыңдауы Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.

Оксана Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров істі прокурорға жолдауға өтініш берді.

Іс материалдарымен танысу барысында қарама-қайшылықтарға мән бердік — 14 тұсы мұның тапсырыспен жасалған кісі өлтіру екенін көрсетеді. Біз қылмысқа қатысы бар басқа да адамдардың, сыбайластардың, ұйымдастырушылардың жауапкершілікке тартылуы үшін істі прокурорға жіберу керек деп есептейміз немесе істі жеке өндірістерге бөлу қажет. Біздің көңіліміз толмағандықтан емес, дәлелдерге мән берілмегендіктен, — деді адвокат.

38 томнан тұратын іс бойынша үш адам айыпталып отыр: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов, Жанар Толыбаева. Соңғысының аяғы ауыр екені белгілі болды. Бұлардың әрқайсына Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр.

Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде пышақ жарақатынан қаза тапты. Мәнерлеп сырғанаушының автоұрылардың қолынан өлгені хабарланды. Оқиға Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында болды.

ДереккөзTengrinews.kz