Күдікті Денис Тенді өлтіргенін мойындады

Денис Теннің өліміне қатысы бар екі адам анықталды. Күдіктілердің бірі ұсталды. Бұл туралы Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев хабарлады.

«19 шілдеде Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында Денис Тенге пышақ салған күдіктілер анықталды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу жүргізу үшін жедел топ құрылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде куәгерлер мәліметі мен бейнекамералардағы видеоға сүйеніп, қылмыскерлердің кім екені анықталды», — деді Алматы қаласының прокуроры.

Прокурордың мәліметінше, ұсталған адам — 1994 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Қиясов Нұралы. Ол қорғаушының алдында кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Екінші күдіктінің аты-жөні де анықталды. Қазір оны іздеу шаралары жүріп жатыр», — деді прокурор.

Танымал спортшы Денис Тенге 19 шілде күні Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында шабуыл жасалған еді. Оқиға куәгерлері дереу жедел жәрдем шақырған. Бірақ бірнеше сағаттан соң мәнерлеп сырғанаушы Орталық қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Дереккөзzakon.kz