Астанада National Day кешінде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі дәріптелді

Астанадағы Radisson Hotel-де Астана дипломатиялық клубы ұйымдастырған National Day салтанатты шарасы өтті. Республика Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған  шараға дипломатиялық корпустың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстандағы бизнес пен медиақоғамдастық өкілдері қатысты. Шараның ресми әріптесі — «Еуразиялық Медиа Форум» конституциялық қоры.

National Day шарасының негізгі мақсаты — халықаралық достықты және елдер арасында әріптестік қатынасты нығайту, Қазақстан халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін тереңірек насихаттау және әріптестік жобаларды дамытуға жағдай жасау, клуб қонақтары үшін бейресми қатынасты дамыту.

Сүйікті отанымыз — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған басты мерекеге келген достарымыз, қош келдіңіздер! Еліміз — тамыры тереңге жайылған  салт-дәстүрі мен әдемі әдеп-ғұрпы бар, қонақжай, көпұлтты мемлекет. Бүгін біз сіздерді Қазақстан даласының бай сұлулығынан, халқымыздың дархан көңілі мен ұлттық мәдениетінен сусындауға шақырамыз, — деді шараны ашқан дипломатиялық клуб президенті Қайырболат Сахметов.

Қайырболат Сахметов
Фото: АДК баспасөз қызметі

«Еуразиялық Медиа Форумының» бас директоры Руслан Жемков кешті ұйымдастырған Астана дипломатиялық клубына ризашылық білдіріп, алдағы XVI Еуразиялық Медиа Форум туралы алғашқы ресми мәліметті жария етті.

Біздің соңғы және басты жаңалығымыз — шара 2019 жылғы 22-24 мамырда өтеді және бір кездердегідей Алматыда болады. Қазір біз форумның бағдарламасын әзірлеп жатырмыз, нәтижесін жақын арада жариялаймыз, — деді Руслан Жемков.

Руслан Жемков
Фото: АДК баспасөз қызметі

Бұдан соң «Ұлы дала әуендері» театрландырылған музыкалық қойылымы басталды. Қоюшы-режиссеры — Мейіржан Әлиакбаров, қоюшы-хореографы — Әсет Көпбаев. Сахналық көрініске халықаралық және ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпазы болған көркемөнер және музыка ұжымы қатысты. Музыка авторы — Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.

National Day
Фото: АДК баспасөз қызметі

Халықаралық қоғамдастық өкілдеріне қазақ халқының құдалық, беташар, үйлену тойы сияқты ұлттық салт-жоралғылары көрсетілді. «Самұрық» би мектебі, «Қорқыт» ұлттық аспаптар ансамблі мен Парадельфий ойындарының «Естуі нашар бишілер хореографиясы»  номинациясы бойынша жеңімпазы Sensitive спорт-бал биі ансамблі хореография мен музыка нөмірлерін ұсынды.

National Day
Фото: АДК баспасөз қызметі

Вокалистердің халықаралық конкурстарында лауреат атанған Қазақстан әншілері әлемдік және ұлттық операның классикалық шығармаларынан попурри және «Гүлстан  — Қазақстан!» композициясын орындап, жиналғандарды тәнті етті. Zeken moda компаниясының ұжымы Қазақстан дизайнерлерінің қолынан шыққан этникалық коллекцияны көрсетті.

National Day
Фото: АДК баспасөз қызметі

Театрландырылған музыкалық бағдарлама Бақытжан Тәжинов пен Dostar балалар вокалы студиясының шығармашылық шеберлігімен орындалған We are the world әнімен аяқталды.