Алматылық экобелсенді Михаил Беляков Жаңа жылға арналған мереке кезінде қоршаған ортаға қалай зиян тигізбеу керек екенін айтты.

эко белсенді
Михаил Беляков. Фото: Теодор Фрост

Отшашу

Пиротехникадан бас тартыңыз. Құрамында әртүрлі түс беретін барий, магний, стронций, литий сияқты металдар бар отшашу атмосфераны ластайды. Одан шығатын улы түтін мен күйік иіс ағзаға да зиян келтіреді. Отшашудан кейін қалатын қоқыс қайта өңдеуге келмейді, бірден полигонға тасталады.

Отшашу
Фото: Тv7.md

Фейерверктің шуынан жануарлар қорқып-үркеді, көлікке қағылады, басқа да қауіп төнеді. Өткінші әдемі көрініс сыйлайтын отшашу үшін мұндай әрекетке барып не керек?! Сондықтан одан бас тартқаныңыз абзал. Сонда ақшаңызды да үнемдейсіз.

Шырша

Жаңажылдық шырша
Фото: Segodnya.ua

Мерекенің сәні болатын шыршаны жыл сайын сатып алып, табиғатқа зиян келтіргеннен гөрі жылдар бойы пластик шыршаны пайдаланған тиімді. Оны ұзақ қолдану үшін сапалы материалдардан жасалғанын таңдау керек. Сапасыз пластик улы әрі зиян материалдардан жасалады.

Жер үйде тұратындарға тамаша лайфхак. Шыршаны кесіп алу мен оны жыл сайын сатып алудан да басқа амал бар. Аулаға шырша отырғызсаңыз, Жаңа жыл қарсаңында қазып алып, оны үйге орнатуға болады. Мерекеден соң оны орнына қайта егесіз.

Тамақ

Жаңажылдық дастархан
Фото: Aif.ru

Мерекеде астың түр-түрі дайындалып, үлкен дастархан жайылады. Жаңа жылды дастарханды жайнатып қойып қарсы алу келер жылы молшылық болады деген түсінік қалыптасқан. Әрине, бұдан тамақ көп қалады. Нәтижесінде ол тез бұзылып, қоқысқа кетеді.

Қоқыстан полигонға жеткен тамақ қалдықтарынан газ бөлініп, ондағы улы заттармен араласып, жануы мүмкін. Қоқыста жиналған неше түрлі қалдық жанып, ауаға улы газ бөлінеді. Кейін сол ластанған ауамен өзімізге демалуға тура келеді.

Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін мейрамға дайындалған кезде артық азық-түлік алмағаныңыз жөн. Сонымен қатар ас дайындау барысында да азық-түлікті тез бұзатын қоспаларды соңынан салуға болады. Мысалы, бір табақ салат дайындаған кезде майонезді бірден қоспай, бірте-бірте порцияға салып, араластыруға болады.

Тағы бір ескеретін нәрсе, шетелдік азық-түліктен гөрі отандық өнімді тұтынған тиімдірек. Себебі импорт тауарға көп қаражат кетеді. Оның үстіне, сырттан жеткізілетін өнім ұзақ сақталу үшін өңделіп, оларға қоспа қосылады. Сондықтан шетелдік тауарға сұранысты азайтқан жөн.

Азық-түлікті аларда оның қалай жасалғанына, қаптамасына көңіл аудару керек. Шама келсе, өлшеп сатылатын өнімді тұтынған жөн.

Сыйлық

Жаңажылдық сыйлық
Фото: Shutterstock.com

Wish list жасап көрдіңіз бе? Ол өте тиімді. Сізге сыйлық беретін достарыңыз, ата-анаңыз немесе жұмыстастарыңызға арнап не қалайтыныңызды тізіп жазыңыз. Басында ыңғайсыздануыңыз мүмкін. Бірақ ол сізге де, сыйлық беретін адамға да таңдау жасау үшін тиімді. Қажетсіз сыйлықтар азаяды әрі оларды қоқысқа тастауға тура келмейді. Енді бәрібір қажетсіз сыйлық болып қалса, жиі ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге не қайырымдылық қорларына тапсырсаңыз болды.

Не сыйларыңызды білмесеңіз, экологиялық таза әрі пайдалы үй бұйымдарын, термос, бөтелке, азық-түлік таситын экоқапшықтар, бірнеше рет қолдануға болатын блокнот сияқты заттарды алыңыз.