Жабылған Qazaq Banki АҚ салымшыларына өтемақы төлеу мерзімі анықталды

Qazaq Banki АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы сотының апелляциялық коллегиясы 2018 жылдың 29 қарашасында түскен шағымды қайтаруына байланысты 2018 жылғы 12 желтоқсанда Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 24 қазандағы Qazaq Banki АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шығарған шешімі заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Ұлттық банктің хабарлауынша, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің Qazaq Banki АҚ-тағы салымдарда орналастырылған, ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақшаны өтетіп алу құқығы бар. Өтемақы жинақталған сыйақы ескеріле отырып, депозит бойынша қалдық сомасы шегінде, бірақ төмендегі ең көп кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қаражатынан төленеді:
• 10 миллион теңге — ұлттық валютадағы депозиттер бойынша,
• 5 миллион теңге — шетел валютасындағы депозиттер бойынша.

Бір салымшының Qazaq Banki-не теңгемен де, шетел валютасымен де орналастырылған депозиттері бойынша жиынтығы 15 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде өтемақы төленеді, бұл ретте шетел валютасындағы депозит бойынша баламасы 5 миллион теңгеден аспайды.

Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: агент-банкте ақшаны нақты алу күніне қарамастан өтемақы сомасын есептеу үшін 2018 жылғы 12 желтоқсандағы айырбастау бағамы қолданылады. Салымдар бойынша сыйақыны есептеу және капиталдандыру 2018 жылғы 12 желтоқсанда тоқтатылды.

Qazaq Banki салымшыларына «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ агент-банкі арқылы төлеу 2018 жылғы 24 желтоқсанда басталады. 24 желтоқсанға дейін «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ салымшылардың өтініштерін қабылдауға және кепілді өтемақы төлеуге құқылы емес.

Еске сала кетейік, жабылған және жабылғалы жатқан банктердің салымшыларына өтемақы қалай төленетінін Ұлттық банк бұған дейін де алдын ала хабарлаған еді.

«Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ агент-банкі өтемақыны алты ай ішінде төлейді — 2018 жылғы 24 желтоқсаннан бастап 2019 жылғы 24 маусымға дейін. Ол үшін Qazaq Banki клиенттері — жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер агент-банктің Қазақстан аумағындағы кез келген филиалына немесе бөлімшесіне жүгінуге құқылы.

Депозиттерге кепілдік беру қоры арнайы резерв қаражаты есебінен «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ агент-банкін Qazaq Banki салымшыларына өтемақы төлеу үшін толық көлемде ақша қаражатымен қамтамасыз етеді. Агент-банк Qazaq Banki салымшыларының өтініштерін агент-банкке ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарауға құқылы. Агент-банкке жарты жыл ішінде жүгінбеген салымшылар агенттік келісімнің қолданылуы аяқталғаннан кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында тікелей өтемақы алуға құқылы.

Қазіргі кезде Депозиттерге кепілдік беру қоры және Ұлттық банк тағайындаған Qazaq Banki тарату комиссиясы мынадай жұмыс жүргізіп жатыр:

•Qazaq Banki тарату комиссиясы Qazaq Banki-нің 18 246 салымшысының әрқайсысының алдындағы міндеттемелердің бірыңғай тізілімін, оның ішінде соттың шешімі заңды күшіне енген күнгі теңгенің шетел валютасына қатысты айырбастау бағамы өзгеруін, салымдар бойынша сыйақыны есептеу мен капиталдандыруды, салымшылардың банк алдындағы міндеттемелеріне талаптарды өзара есепке алуды, сонымен бірге Qazaq Banki-н лицензиясынан айырғаннан кейін келіп түскен ақшаны салымшылардың шоттарына есептеуді ескере отырып қалыптастырады;

• Депозиттерге кепілдік беру қорының тарату комиссиясынан салымшылар тізілімін алады, деректерді тексереді және Qazaq Banki салымшыларының алдындағы міндеттемелерді орындау үшін салымшылар тізілімін агент-банкке береді;

• Депозиттерге кепілдік беру қоры Ұлттық банкінің арнайы шотында 20,4 миллиард теңге көлемінде ақшаны резервтеді, олар Qazaq Banki-нің 18 246 салымшылары алдындағы міндеттемелерін толық көлемде төлеу үшін агент-банкке аударылады.
Аталған іс-шаралар 2018 жылғы 24 желтоқсанға дейін аяқталады.

24 желтоқсаннан бастап салымшылардың өтініш беруі және өтемақы алуы үшін Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал және Өскемендегі агент-банк филиалының және бөлімшесінің кез келген операциялық залына өтініш беруі қажет. Өзінде жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет, ал салымшыны сәйкестендіру жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жүзеге асырылады. Қолданыстағы төлем қағидаларына сәйкес талап ету құқықтарын растау үшін банктік салым шарты немесе кіріс кассалық ордерлер талап етілмейді.

Qazaq Banki салымшысының өкіліне нотариус куәландырған сенімхат бойынша өтініш беруге және өтемақы төлеуге рұқсат етіледі.

Qazaq Banki салымшыларының қолма-қол ақшаны агент-банктің кассасынан немесе қолданыстағы банктік шоттан қолма-қол ақшасыз аударым арқылы алуына болады. Салымшылар агент-банктің қолданыстағы депозиттік бағдарламалары бойынша өтемақы сомасына агент-банкте депозит немесе шот аша алады.

Банктің 18 246 салымшысының ішінде 17 369 салымшының кепілдік берілген сома шегінде депозиттері бар және олар өтемақыны толық көлемде алады. 877 салымшының кепілдіктің ең жоғары сомасынан жоғары талаптары бар — бұл жағдайда агент-банктен өтемақы алумен қатар олар тарату комиссиясына кепілдікпен өтелмейтін сомада өз талаптарын ұсынуға құқылы. Тиісті құжаттарды беру тәртібі мен мерзімдерін Qazaq Banki АҚ тарату комиссиясынан қосымша нақтылауға болады:

Алматыда: +7 (727) 380 39 51 телефоны бойынша немесе: Назарбаев даңғылы, 279-үй мекенжайы бойынша.
Астанада: +7 (717) 291 92 60 телефоны бойынша немесе: Қонаев көшесі, 14/3-үй мекенжайы бойынша («Нұрсая» бизнес орталығы), 1-2-қабаттар.

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы мамандардың консультациясын «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ 8 8000 80 10 20 телефоны (мобильдік телефоннан қоңырау шалу тегін) бойынша алуға болады. Қосымша ақпаратты интернет-ресурсынан: www.kdif.kz алуға болады.

Агент-банктің филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ: www.vtb-bank.kz интернет-ресурсында орналастырылған. Қосымша ақпаратты агент-банктің анықтама қызметінен: 5050 нөмірінен (мобильді телефоннан қоңырау шалу тегін) алуға болады.