Жабылған және жабылғалы жатқан банктердің салымшыларына өтемақы қалай төленеді?

ҚР Ұлттық банкі «Астана Банкі», Qazaq Banki мен «Эксимбанк Қазақстан» салымшыларының өз қаражатын қашан ала алатынын хабарлады.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 қарашада Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Астана Банкі» акционерлік қоғамын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалардың тарапынан сот актісіне шағым болмаған жағдайда түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап 30 күн ішінде шешім заңды күшіне енеді.

Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық банк банктің тарату комиссиясын тағайындайды. Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес кредиторлардың шағымдарын қабылдау тәртібі, мерзімдері және талаптарын қоятын мекенжайлар көрсетілген тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпарат Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында 10 жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

«Астана Банкі» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі — ҚДКҚ) Қазақстанның жұмыс істеп тұрған банктерінің қайсысы «Астана Банкі» АҚ салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі агент ретінде жұмыс істеп, салымшылармен есеп айырысатынын хабарлайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес агент-банк — бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша ҚДКҚ-ның атынан және қаражаты есебінен халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін филиалдар желісі мен инфрақұрылымы дамыған банк.

Ал Qazaq Banki акционерлік қоғамын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі 30 қарашада заңды күшіне енеді. Qazaq Banki салымшыларына кепілдікті өтемақыны төлейтін агент-банк 2018 жылғы 4 желтоқсанда белгілі болады, Qazaq Banki салымшыларына агент-банк арқылы төлемдер төлеу 10 желтоқсанда басталады. Ол кезге дейін ҚДКҚ агент-банк үшін белгіленген мынадай өлшемшарттарға банктердің сәйкес келуін бағалау рәсімдерін жүзеге асырады, атап айтқанда: әлеуетті агент-банктің қаржылық жай-күйінің орнықты болуы, белгіленген заңнамалық талаптарды, оның ішінде Ұлттық банктің пруденциялық нормативтерін 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша орындауы, Qazaq Banki салымшылары орналасқан өңірлерде филиалдар желісінің болуы.

Ұлттық банк 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «ЭксимБанк» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап берген еді. Шағым-талап бойынша сот тыңдалымы 28 қарашада өтеді.

Таратылатын банктердің барлық салымшысы ҚДКҚ қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы. Өтемақы ұлттық валютамен төленеді, ал оның сомасы:

— шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеден;
— ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Салымшыда бір банкте теңгеде, сол сияқты шетел валютасында бір мезгілде орналастырылған 2 және одан да көп депозит болған кезде 15 миллион теңгеге дейін кепілдікті өтемақы төленеді. Кез келген жағдайда салымшының тек шетел валютасындағы депозиттері бойынша өтемақы 5 миллион теңгеден аспайды. Төленбеген кепілдікті өтемақы қалдығын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалатын банктің тарату комиссиясы төлейді.

ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан және кепілдікті өтемақыны төлеу басталғаннан кейін салымшылар осы агент-банктің филиалына кепілдікті өтемақы төлеуге арналған өтініш жасағаны дұрыс. Бұл ретте салымшының өзімен бірге жеке куәлігінің немесе төлқұжатының болуы жеткілікті. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мұрагерлік туралы куәлік, сенімхат, депозитке талап ету құқығын беру туралы шарт) ұсынуы қажет. Агент-банк төлемді құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

Кепілдікті өтемақы төлеу қолма-қол ақшамен немесе салымшының басқа банктегі шотына аударыммен теңгемен ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте салымшының алынған кепілді өтемақыны агент-банктің шотында қалдыруға мүмкіндігі бар. Барлық кепілді өтемақыны төлеу тек ұлттық валюта — теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемақыны есептеу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады.

Салымшылар депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты ҚДКҚ сайтындағы «Салымшыларға» бөлімінен ала алады — http://kdif.kz/kz/garantiya-po-depozitam. Сонымен бірге салымшылар мына телефондар арқылы: +7 (727) 312 24 37, +7 (727) 312 24 38, +7 (727) 312 24 39 не 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі бойынша хабарласа алады (Қазақстан бойынша қоңырау соғу тегін).

Банктердің call-орталықтарынан да кез келген мәселе бойынша жауап алуға болады:

«Астана Банкі» АҚ: +7 (727) 259 60 60,

Qazaq Banki АҚ: +7 (727) 380 39 51,

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ: +7 (727) 250 06 00.