Қазіргі заман қандай медианы талап етіп отыр?

Қай уақытта болмасын медианың жеделдігі маңызды роль атқарады. Біраз жыл бұрын кеше өткен шараны бүгін жазу кеш болса, қазір интернет-басылымдар минуттармен де жарысады.

Бүкіл әлемде «оқырман газет оқымайды, сайттарға көшіп жатыр», «телеарналардың аясы тарылды, аудитория YouTube және басқа да әлеуметтік желілерге ауысты» деген вирус жүріп жатыр. Медиа осындай өтпелі заманда болса да, демократияға үлес қосып, халық пен билікті байланыстырып отыру позициясынан ауытқымауы керек.

Ақпараттың өте көп болуы аудиторияны «ұстап тұруды» қиындатты десек болады. Қазіргі адамдардың назарын бірден жаулап алмаса, 10 секундтан артық видеоны қарай алмайды. Газетті басынан аяғына дейін оқып шығуы екіталай. Телебағдарламаны жарты сағаттап көру жоқ. Сол себепті қазір кез келген БАҚ өз ақпаратын интернетке бейімдеп, ыңғайластырып таратуы қажет.

Идеал қазақ журналистикасы қандай болуы тиіс еді? Қазір қандай?

Қазіргі таңда журналистика мемлекеттік тапсырыспен өмір сүріп отыр. Біздегі идеал журналистика ұғымын ығыстырып тұрған да — осы. Ол халықтың сөзін сөйлейтін, биліктің ісін бақылап, керек тұсында сынап жазып отыруы керек еді.

Батыста журналистика ақша алмайды, яғни оны мемлекет қаржыландырмайды. Тәуелсіз жұмыс істейді. Идеал журналистика орнасын десек, осыған көшу керек. Бірақ бұл әзірше мүмкін емес.

Журналист ағартушылыққа, елдегі демократияға үлес қоса алуы мүмкін. Бірақ оған аудиторияны түзу жолға салатын адам ретінде қараудың қажеті жоқ.

15 жылдай бұрын таблоид типтес газеттер, сары басылымдар көп еді. Одан кейін жұлдыздардың өмірі туралы жазатын газет-журналдың дәуірі келді. Қазір біздің елге де салалық журналдардың заманы келе жатыр. Қазақ оқырманының да National Geographic сияқты журналдарға қызығушылығы артып келеді. Алдағы уақытта осындай басылымдардың саны да, оқырманы да көбейеді деп ойлаймын. Тиісінше осы талапқа сай қызмет еткен медиа өкілінің де табысы артпақ. Жеке пікірімше, бес-алты жылда шоу-бизнес тақырыбы халық үшін өзекті бола қоймайды.