100 жаңа оқулық: бизнес жөніндегі әйгілі кітаптар қазақшаға аударылып жатыр

"Ұлттық аударма бюросы" Оксфорд университетінің баспасымен бірге ағылшын сөздіктерін аударуды да қолға алған.

Рауан Кенжеханұлы
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры. Фото: 100kitap.kz

“Ұлттық аударма бюросы” қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта жобаға 300-ге тарта маман қатысып жатыр. Олардың дені ғылыми дәрежесі бар, кәсіби тұрғыдан мойындалған оқытушылар мен ғалымдар, аудармашылар, тілшілер және баспагерлер. Басты мақсат – сөзі анық, мазмұны ұғынықты аударманың мейлінше жоғары сапасын қамтамасыз ету.

Ұлттық аударма бюросы жоба аясында алғашқы 18 кітапты аударып, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен тұсаукесерде көпшілікке таныстырған. 18 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен шығарылып, бұл күнде еліміздегі 110 жоғарғы оқу орнына тегін таратылды. Оқулықтардың электрондық нұсқасы еліміздегі университеттердің порталына орналастырылған.

Жаңа оқулықтарға деген жоғары сұраныс пен қоғамдағы қызығушылықты ескере отырып, еліміздегі кітап дүкендері арқылы тарату үшін қосымша басып шығару қолға алынды. Ол жұмысқа жекеменшік баспалар тартылып, мемлекет қаржысы шығындалмайды. Алайда еліміздегі орта арнаулы оқу орындары, яғни колледждерді осы оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін тиісті мемлекеттік мекемелер қарастыруы қажет деп санаймыз, – деді ол ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, сәуірде өткен тұсаукесерде Елбасы оқулықтарды аудару аясында жинақталған тәжірибелерді қорытып, ғылыми аудармаға қажетті сөздіктерді даярлауды тапсырған.

Бұл бағытта сөздіктерді шығару тәжірибесі аса мол Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Атап айтсақ, Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі, қоғамдық және әлеуметтік ғылымдардың түсіндірме сөздігі, экономика түсіндірме сөздігі және қазақ тілінің кірме ұғымдарының сөздігін дайындау қолға алынды, – деді Ұлттық аударма бюросының директоры.

Қазіргі уақытта әлемге әйгілі авторлардың миллиондаған тиражбен жарияланған кітаптары аударылып жатыр.

Бұлардың ішінде Энтони Кенидің “Батыс философиясының жаңа тарихы”, “Заманауи маркетингтің библиясы” атанған Филип Котлердің атақты оқулығының 17-басылымы, Өнер тарихынан сыр шертетін Эрнст Гомбрихтің 16-басылымы, халықаралық құқық бойынша қазіргі уақытта әлем мойындап отырған Малкольм Шоудың оқулығы, Стивен Пинкердің “Язык как инстинкт” кітабын атап өтуге болады. Бұл ретте аударылғалы отырған кітаптардың ішінде экономика және кәсіпкерлік циклына ерекше тоқталғым келіп отыр. Ол туындылар – экономика, макро және микроэкономика, менеджмент, бизнескоммуникация, маркетинг, жеке қаржы және инновация саласындағы кітаптар, – дейді Рауан Кенжеханұлы.

Еске сала кетсек, осы жылдың сәуір айында Астанадағы Назарбаев орталығында “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар таныстырылған еді.