Акулалар неліктен дельфиндерден қорқады?

Акула — өте сақ әрі мұқият жыртқыш балық. Алайда олар жеке өзі ғана жүргенді ұнататындықтан, өте сирек үйірленеді. Зерттеушілердің пайымдауынша, дельфиндерге қарсылық таныта алмауының басты себебі де осы.

Грек тілінен аударғанда «бауыр», «туыс» деген мағыналы атауға ие дельфиндер әрдайым топтасып жүреді. Олардың үйірі 2-3 –тен  100-ге дейін жетеді. Алайда саны мен қорғаны мықты дельфиндер шабуылды бірінші болып бастамайды екен. Мол азыққа бірден қол жеткізуді көздеп, акула дельфиндерге қарсы алдымен айқасқа ұмтылады. Басқыншылықты байқай қойған дельфиндер бірден жыртқышты қоршап алып, берік тұмсықтарымен ұрғылай жөнеледі.  Ақылды дельфиндер қарсыласын жеңу үшін оның желбезегінен ұруды көздейді. Бұл оларға қарсыласын оңай жеңуге көмектеседі. Акула назарына түскен адамды қорғау үшін де дельфиндер осы тәсілді қолданады.  Дельфиндер қоршап алған адамға акула жолауға жасқанатын көрінеді.

Дельфиндер туралы 5 дерек:

  • Дельфиндер тістерін тек құрбанын ұстап қалу үшін пайдаланады, алайда қорегін шайнауға қолданбайды. Себебі оларда жақ бұлшық еттері жоқ.
  • Дельфиннің өкпесіндегі бір шай қасық су оны оп-оңай батырып жібереді.
  • Дельфин шығарған ауа жылдамдығы сағатына 160 километрден асады.
  • Дельфиндер адам сияқты қорегінің дәмін ажырата алады.
  • Дельфиннің бойында тоғыз энергия болады. Ол адамдар жақындап, сөйлескенде, сипағанда бөлінеді екен. Науқастардың, әсіресе, сал ауруына шалдыққандардың дельфиннен дертіне шипа табуының себебі де осы.

Акулалар туралы 5 дерек:

  • Акула 1000 л суда ерітілген 1 г қанды сезе алады.
  • Акуланың 1500-2000 -ға жуық тістері болады.
  • Ең алғашқы акулалар осыдан 400 миллион жыл бұрын пайда болған. Ол кезде динозаврлар да болмаған.
  • Акула шабуыл жасамастан бұрын міндетті түрде ескертпе белгілерін береді. Мысалы: су бетіне арқасын шығарады және басын көтереді.
  • Акула тістерін түрлі зергерлік бұйымдарға, бауырын бетке жағатын иіс май жасауға, ал жүзбеқанаттарын сорпа әзірлеуге қолданады екен.