Цифрландыру: Қазақстан мен Эстония ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға Digital Bridge форумына және Astana Hub АТ-стартаптар халықаралық технопаркінің таныстырылымына қатысу үшін ресми сапармен келген Эстония Республикасының Премьер-министрі Юри Ратаспен кездесті.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында екі елдің ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту және кеңейту, экономиканың маңызды секторларын цифрландыру мәселелері талқыланды. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, сауда, көлік және логистика салалары бар. «Жасыл көпір» президенттік бастамасы аясында жүзеге асырылған Жасыл технологиялар орталығының базасында және жалпы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қаралды.

Ауыл шаруашылығы, кедендік декларациялауды автоматтандыру, цифрлық экономика үшін білікті кадрларды даярлауда тәжірибемен алмасу саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.

Бақытжан Сағынтаев қазақстандық тараптың цифрландыру саласында, әсіресе, Астанада EXPO аумағында халықаралық IT-университет ашу жоспарларын ескере отырып, осы сала мамандарын даярлау бойынша тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытатынын жеткізді.

Юри Ратас форумға шақырғаны үшін алғысын білдірді, сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастардың жоғары әлеуетін және Эстонияның одан әрі ынтымақтасуға деген ықыласын айтты.

2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 21,7 миллион доллар болды. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін Эстония Республикасынан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 70,2 миллион болды. Қазақстанда эстониялық капиталы бар 70 астам бірлескен кәсіпорын тіркелген.

Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, экономика мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықтың өмір сапасын жақсарту үшін цифрлық экожүйені дамыту мақсатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды, ол басты төрт бағытты қамтиды.

  • «Цифрлық Жібек жолын іске асыру» — сенімді, қолжетімді, жылдамдығы жоғары және қорғалған цифрлық инфрақұрылымды дамыту.
  • Креатив қоғамды дамыту — цифрлық экономика үшін құзыреттіліктер мен дағдыларды үйрену, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, салалар үшін АКТ мамандарын дайындау.
  • Экономика салаларындағы цифрлық түрлену — экономиканың түрлі саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін цифрлық технологияларды жаппай енгізу.
  • Проактив мемлекетке көшу — электрондық және мобильдік үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсету саласын оңтайландыру.