Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумында қандай құжаттарға қол қойылды?

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысты. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумда екі елдің өңірлері мен облыстарының басшылары, салалық мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдері туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістерін талқылады.

Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бұл форум тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танылғанын айтты.

Форум осы уақыт ішінде елдеріміздің саяси-экономикалық өзара ықпалдастығының маңызды институтына айналды. Бұл басқосу посткеңестік кеңістікте үлгі боларлық формат ретінде танылды. Өткен форумдар аясында біз 200-ден астам шарт пен келісім жасастық. Бұл құжаттардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ғана емес, сонымен қатар экономиканың тұтас салаларын дамытуға тың серпін береді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Қазақстан үшін стратегиялық одақтас әрі сауда-экономика саласындағы маңызды серіктес екенін мәлімдеді.

Биылғы 8 айдың ішінде елдеріміз арасындағы сауда айналымы 11 миллиард доллардан асты және бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 18 миллиард долларға жетуі мүмкін. Өзара сауда саласындағы өңделген өнімдердің үлесі артып, 82%-ға жеткені — қуантарлық жайт. Ресей Қазақстан үшін өңделген өнім экспорттайтын ірі нарық болып саналады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі және экономиканың басқа да салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту барысындағы екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетудің нәтижелері мен туризм саласының жаһандық экономикадағы маңызы туралы айтты. Оның айтуынша, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Бүгінгі форум өте маңызды әрі өзекті мәселе — елдеріміздің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде де экономика өсімінің тетігі болып саналады. Қазақстан мен Ресей бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туристердің легін арттыруға және 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған туризмді дамытудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты.

Ынтымақтастықтың екі жақты туризмді дамыту сияқты маңызды бағытына арнайы тоқталғым келеді. Ресейдегідей Қазақстанда да туристер үшін демалысты жақсы өткізіп, тамашалауға болатын көптеген көрікті жерлер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді.

Мемлекет басшысы өкілетті органдар тарапынан шешуді талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласына қатысты бірқатар жәйттерді, соның ішінде туристердің  өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа да мәселелерді атап өтті.

Қазақстан Президенті форумның екіжақты өңіраралық іскерлік қатынастарға зор серпін беретініне, Қазақстан мен Ресейді дамытудың жаңа белесіне жол ашатынына сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірін қорытындылай келе Ресей Федерациясының Президентіне екі елдің Үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін елдеріміздің аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсыру керек екенін айтты.

Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді. Осыған байланысты елдеріміздің Үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көршілес елдермен визалық және көші-қон режимін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастықтың жүйесін құруды және  медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Күш біріктіре отырып, әлем тарихындағы бірегей «Байқоңыр» ғарыш алаңына қатысты туризмді дамыту керек. Бұл мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлердің келесі жылға арналған бірлескен жоспарларына енді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін осы орталықтың және соның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

Форум қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
  • Қазақстан мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен перспективті өңірлік бастамалар тізбесі;
  • ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум;
  • ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзаратүсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
  • ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  • ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 3 қазандағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама.