Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин туризмді дамыту перспективаларын талқылады

Петропавлда Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Қазақстан мен Ресейдің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» атты көрмені аралап көрді. Көрмеге қазақстандық және ресейлік компаниялардың екі ел тұрғындарына арналған ауқымды туристік өнімдері қойылған.

Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев
Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев Петропавлдағы көрмеде. Фото: Аkorda.kz

Бұдан соң Қазақстан мен Ресей басшылары ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Президенті бүгінгі өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының өзектілігін атап өтіп, мәдени және экономикалық ықпалдастық аясында туризм саласындағы ынтымақтастықты өркендетудің маңызына арнайы тоқталды.

Владимир Путин Қазақстанның сауда-экономика саласындағы негізгі серіктестердің бірі екенін айтып, екіжақты қарым-қатынастардың жоғары даму қарқынына назар аударды.

Ресей Федерациясының Президенті туризм саласындағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін де айтты.

Келіссөз соңында мемлекеттер басшыларына «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытуға арналған жоба таныстырылды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың салыну барысы, инфрақұрылым желілерінің жөнделу нәтижелері және Байқоңырдағы тұрғын үй алаптарының газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берілді.