ТМД Назарбаев
akorda.kz

Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдер делегацияларының басшыларына ілтипат білдіріп, Достастық мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту үшін өтіп жатқан Кеңестің айрықша мәні бар екенін атап өтті.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ТМД іргелі ұйымға айналды. Бұл бірлестік халықтарымыз арасындағы тарихи байланыстарды сақтап қалуға мүмкіндік беріп, әр елдің егемендігін нығайтуға септігін тигізді. Қазіргі кезде Достастық аясындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы арта түсті. ТМД-дағы сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтыр тауар айналымының көлемі 25%-ға артып, 164 миллиард долларға жетті. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын тауып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ТМД Назарбаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдердің Үкімет басшылары кеңесінің биылғы отырысының нәтижелеріне де тоқталды.

Біз ұйымымызды нығайту мәселелерін қарастырдық. Соның ішінде жұмыстың тиімділігін арттыруға және оны заман талабына сай бейімдеуге бағытталған жаңғырту үдерісін ілгерілетуге мән бердік. Достастық аясындағы экономикалық кооперацияны кеңейту үшін Экономикалық даму стратегиясын жандандыру және ТМД елдері көрсететін қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнің қабылданған жобаларын жүзеге асыруды жеделдету қажеттігі айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Душанбеде өткен кеңес отырысында жария етілген жаңа ұсыныстар, соның ішінде  ТМД аясында сауда кедергілерін жою, көлік-логистика және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, ғарыш саласындағы жобаларды жүзеге асыру, цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық шешімдерді пайдалану мәселелерін талқылаудың нәтижесі жөнінде де сөз қозғады.

ТМД Назарбаев
Фото: Аkorda.kz

Технопарктер интеграциясы және бірлескен инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы ТМД кеңістігінде жоғары технологиялық өндіріс қалыптастыру үшін үлкен синергетикалық пайда табуға мүмкіндік береді. Батыс елдері жасанды интеллектке жол ашатын 5G форматындағы интернетті белсенді қолданып жатыр. Бізге оны дамыту ісімен айналысу керек. Мұны әрқайсымыз жеке-жеке іске асыра алмаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

ТМД Назарбаев
Фото: akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында Мемлекеттер басшыларының кеңесінде айтылған бастамаларды іске асыру үшін нақты шаралар кешенін әзірлеу қажеттігін айтты.

Барлық бағыт бойынша тиімді шаралар кешенін әзірлеу – маңызды міндет. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы экономиканың дамуына септігін тигізіп қана қоймайды, сонымен бірге мемлекеттеріміз арасындағы достық әрі тұрақты қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды факторына айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев баяндама жасады.

ТМД Назарбаев
Фото: akorda.kz

Кездесуге Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Новруз Мамедов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мұхамметқалый Абылғазиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения Республикасының бірінші вице-премьері Арарат Мирзоян, Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Гочмурад Мурадов, ТМД-ның Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшы Сергей Лебедев қатысты.