Нұрсұлтан Назарбаев Әлібек Дінішевті концертінің табысты өтуімен құттықтады

КСРО халық артисі Президентке ризашылығын білдірді.

Назарбаев пен Әлібек Дінішев
Нұрсұлтан Назарбаев пен Әлібек Дінішев. Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев КСРО халық артисі Әлібек Дінішевті қабылдады. Президент Әлібек Дінішевтің Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамыту және ілгерілету ісіндегі айрықша рөлі мен сіңірген еңбегін атап өтті.

Мемлекет басшысы халық артисінің Астана мен бүкіл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу үдерістеріне куә болып, белсенді атсалысып келе жатқанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Әлібек Дінішевті елорданың 20 жылдығына орай “Астана Опера” театрында қойған концертінің табысты өтуімен құттықтады.

Халық артисі Қазақстан Президентінің шығармашылық саласындағы саясатына және мемлекеттің өнер қайраткерлеріне қолдау көрсетіп отырғанына ризашылық білдірді.

Мен Астананың мерейтойын атап өтуге үлес қосуды парызым деп білемін. Егемен еліміздің мәдениетін қалыптастыру кезінде Сізбен бірге болғанымды мақтан етемін. Бұл жолда көптеген қиыншылық еңсерілді. Қазір бәрі түбегейлі өзгерді, театрларға керемет жағдай жасалды. “Астана Опера” – соның жарқын мысалы. Оның сахнасында ән айту – зор қуаныш, – деді Әлібек Дінішев.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!