Нұрсұлтан Назарбаев: Әсет Исекешев елордалықтардың жоғары бағасына ие болды

Нұрсұлтан Назарбаев Президент әкімшілігінің басшылық құрамымен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Әділбек Жақсыбековке Президент әкімшілігінің басшысы лауазымында және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, оның Қазақстан Республикасы мемлекеттілігін қалыптастыру және дамыту ісіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Ұзақ жылдардан бері менімен бірге жұмыс істеп келе жатқан Әділбек Рыскелдіұлын жақсы білесіздер. Ол елорданың алғашқы әкімі болды, барлық лауазымды қызметте жауапкершілікпен әрі адал еңбек етті. Оған зор денсаулық пен табыс тілеймін, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға Президент әкімшілігінің жаңа басшысы Әсет Исекешевті таныстырды.

Әсет Өрентайұлы менің көмекшім болды, министр, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Ол бас қаламызда жұмыс істеген соңғы 2,5 жыл ішінде елордалықтардың жоғары бағасына ие болды. Ол белсенді әрі креатив ұстанымымен ерекшеленеді. Қазір бізге дәл осындай адам  керек. Исекешев елордаға әкім болған уақытта біз EXPO-2017 көрмесін және Астананың 20 жылдығын абыроймен өткіздік. Әсет Өрентайұлы бұл міндетті де лайықты орындай алатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы жиын соңында Президент әкімшілігінің алдағы кезеңге арналған жұмысының негізгі басымдықтарын белгілеп берді.

Аппараттың алдында бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын және орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндет тұр. Бүгінде жұмыс ауқымы өңірлік деңгейге ауысқанын ерекше атап өткім келеді және барлық деңгейдегі әкімнің қызметін үйлестіру, олардың өзара ықпалдаса еңбек етуіне көмектесу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.