Басты бет / Жаңалықтар /
632708a25a4a3f5dae3d728e5200e359 233 ағаш, 63 мың бұта: Алматыдағы Республика алаңы жаңарды
Фото: Алматы әкімдігі

233 ағаш, 63 мың бұта: Алматыдағы Республика алаңы жаңарды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Республика алаңында аяқталған қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сонымен қатар жұмыс сапары барысында оған Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі бөлігін кешенді абаттандыру жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Республика алаңын жаңғырту жобасының тұжырымдамасын Ұлыбританияның Лондон қаласындағы LDA Design компаниясы әзірлеген. Жоба «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша іске асырылып, жаяу жүргіншілерге басымдық беретін қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.

Алматы қаласы, Республика алаңы
Фото: Алматы әкімдігі

Қайта жаңғырту аясында 4,5 гектар аумақ толық абаттандырылды. Алаңда қоғамдық кеңістіктің жабындары жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматтандырылған суару жүйесі заман талабына сай қайта жасалды. Көгалдандыру жұмыстары барысында 233 ірі ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік отырғызылды. Сонымен қатар аумаққа 129 жаңа жарық шамы орнатылып, кешкі уақытта жасыл желек сәулеттік жарықпен безендірілді. Тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау үшін балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары, демалыс аймақтары мен екі амфитеатр салынды. Сонымен қатар велосипед жолақтары салынып, 500-ден астам көріктендіру элементі орнатылды, — делінген хабарламада.

Жаңартылған алаңның басты ерекшеліктерінің бірі – сегіз сәндік су айдыны. Бұдан бөлек, бұрынғы субұрқақтар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа субұрқақ кешендері пайдалануға берілді.

Жоба аясында көлік инфрақұрылымы да жетілдірілді. Сәтбаев көшесінде жаңа қоғамдық көлік аялдамасы ашылып, қосымша бағдаршамдар мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоса алғанда, барлық тұрғынға қолайлы кедергісіз орта қалыптастырылды, — делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, Сәтбаев көшесін кешенді абаттандыру толық аяқталғаннан кейін бұл аумақта біртұтас заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасып, жаңарған Республика алаңы алматылықтар мен қала қонақтарының демалыс, серуен және мәдени іс-шаралар өткізетін негізгі орындарының біріне айналады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok