7 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы сақталады. Елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, тек солтүстік, солтүстік-шығыс және батыстың жекелеген өңірлерінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Еліміздің ірі қалаларында да күн негізінен ашық болады. Астанада күндіз ауа температурасы +30…+32 градусқа дейін көтерілсе, Алматыда +31…+33 градус, Шымкентте +35…+37 градус ыстық күтіледі.
Ең жоғары температура Қызылорда облысында тіркеледі. Мұнда күндіз ауа +37…+39 градусқа дейін ысиды. Сондай-ақ Тараз бен Түркістанда +35…+37 градус, Атырау, Ақтау, Талдықорған және Жезқазғанда +33…+36 градус ыстық болады.
Сонымен қатар Ақтөбе, Павлодар, Семей және Орал қалаларында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Атырау мен Талдықорғанда күндіз желдің күшеюі күтіледі.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және күн сәулесінен сақтануға кеңес береді.
