Алматыда балаларға арналған бірегей мобильдік қосымша жасалды

СДУ өнертапқыштары балаларға арналған тұңғыш отандық Zhanuar 4D мобильдік қосымшасын ойлап тапты.

Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірегей қосымшаның Қазақстанда баламасы жоқ. Жоба авторларының пікірінше, қосымша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр, ол балалардың ақыл-парасатын жетілдіруге едәуір үлес қосады.

Мобильдік қосымша
Фото: СДУ баспасөз қызметі

Zhanuar 4D — «KZ жасалған» таңбасымен әзірленген 100%-дық отандық өнім. Бұл  -балаларға арналған шынайылықпен толықтырылған танымдық карточкалар. Жобаның мақсаты — баланың зейінін аулап, ой-өрісі мен шығармашылығын дамыту. Стартаперлердің айтуынша, күнделікті қара-ала кітаптардың бетін парақтау, қазіргі заман баласын тез жалықтырады, ал AR технологияларының көмегімен кейіпкерлерге жан бітіп, баламен тілдесіп, материалдың күрделі жақтарын түсіндіріп, түп-негізін анықтауға көмек көрсетіледі. Augmented Reality (бейнекөріністі 3D графика арқылы шынайылыққа өткізу) тәсілдемесі арқылы әлдеқайда қызық әрі түсінікті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға әрі толықтыруға шақырады. Сонымен қатар елімізде үштілділік саясатты дамыту кезеңінде білім беру саласына инновациялық технологияларды енгізу қажеттілігі туындады. Ал қазіргі таңда бәсекеге қабілетті және парасатты ұрпақ тәрбилеу қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осылайша, мемлекет басшысының басым тапсырмалары балаларға білім беру құралының туындауына түрткі болды. Біздің бастапқы мақсатымыз — ойын қосымшасы арқылы балаларды тіл үйренуге баулу, сондай-ақ қазақстандық жеткіншектердің патриоттық сезімін ояту, — дейді жоба авторларының бірі Әсел Қабылбекова.

Жобаны толық жүзеге асыруға әзірлеушілерге жарты жылға жуық уақыт қажет болған. Құрастыру жұмыстарына отандық аниматорлар мен белді IT-мамандар тартылған.

Айта кеткен жөн, Zhanuar 4D СДУ түлектерінің алғашқы өнімі емес. 2017 жылдың ақпан айында жоба жетекшілері Нұрсұлтан Әжімұратов пен Азамат Төлегенов 8-14 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған бірінші IT академиясының тұсауын кесті. Академия базасында балалар робототехника, бағдарламалау, графикалық дизайн, бейнемонтаж, аниамация, ойын құрастыру және сайт жасау, 3D модельдеу және тағы басқа кешенді компьютерлік білім алады. Осы уақытқа дейін академия тәрбиеленушілері 12 робот түрін, 30 бірегей ойын әзірлеп, 600 бейнеролик монтаждап үлгерген.

Ең жас IBM құрастырушысы 13 жаста және 14 жастағы оқушының Samoliotik атты ойыны бар, оған небәрі бір ай ішінде 4500 АҚШ доллары көлемінде қаражат әкелген, сонымен қатар АҚШ-тық 12 жастағы жасөспірім жеке ойындарын құрастырып, бағдарламалаудан дәріс береді, — дейді жоба авторлары.

Өнертапқыш топтың ендігі жоспары — «Көкөніс пен жеміс-жидек», «Космос», «Қазақтың салт-дәстүрлері» атты балалардың ақыл-парасатын дамытатын мобильдік қосымшаларын құрастыру. Сонымен қатар отандық туризмді кеңінен насихаттау мақсатында «Виртуал қазақ үй» атты жоба алдағы уақытта халық назарына ұсынылмақ. Жобаның концепциясына сәйкес, кез келген қызығушы киіз үйге кіріп, VR көзілдірік арқылы XVII-XVIII ғасырдағы қазақ қонысын тамашалай алады.