АҚШ Бас консулы: Алматыға айналып келе бергің келеді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек АҚШ-тың Бас консулы Эрик Майермен кездесті. Әкім мен Бас консул сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Эрик Майердің айтуынша, Алматы Қазақстанның іскерлі, мәдени, білім және ғылым орталығы ретінде екі ел арасындағы байланыстың жетекші бағыты болып отыр.

Алматы — Америка консулдығы және Қазақстанда бизнес ашуға ынталы АҚШ компаниялары жүгінетін Америка сауда палатасы орналасқан Орталық Азиядағы жалғыз қала. Мен мұнда 2004 және 2008 жылдары болған едім. Қала сондай тартымды, қайта айналып келе бергің келеді, осы жерде жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Мен Алматыда үлкен оң өзгерістердің болғанын көрдім, жаяу жүргіншілер үшін жақсы инфрақұрылым жасалыпты, қоғамдық кеңістік барынша ашыла түскен, — деді Эрик Майер.

Алматыда қазіргі кезде телекоммуникация, қаржы, сауда және басқа салаларда американ капиталымен 168 компания жұмыс істейді. Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы былтыр 400 миллионнан астам доллар болды.