Алматы көшелерінің жаңғыруы бизнеске пайдасын тигізіп жатыр

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде қаланы абаттандыру бойынша бұрын берген тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Мегаполис басшысы бұрын Желтоқсан көшесін аралаған кезде «Тәуелсіздік таңы» монументі жанына шағын қауіпсіздік аймағын жасауды тапсырған еді.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ескерткіштің көлік қозғалысына түйісіп тұрған бөлігіне кеспетас төселіп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жасыл желек отырғызылды.

Тәуелсідік таңы
Фото: Алматы ішкі саясат басқармасы

Абай даңғылының бірқатар бөлігіне, соның ішінде Лермонтов атындағы орыс драма театрының алдына гранитті тротуар плиткасы төселді, және жасыл желек көлемі артты. Театрға кіре беріс жердегі ұзақ уақыт бойына бос тұрған су бұрқақ іске қосылды.

Қаланы модернизациялау барысында Ұлттық кітапхана мен Байсейітова көшесі арасындағы бұрынғы резервуардың орнына жаңа фонтан пайда болды.

Кедергісіз кеңістікті ұлғайту үшін пандустардың саны көбейді. Мысалы, Спорт пен туризм академиясы алдындағы жаңа фонтанға қиналмай түсуге болады. Көлік қозғалысы бөлігіне жақын орналасқан бекеттер қауіпсіздік үшін ауыстырылды. Жолаушы ағыны көп жерлерге қосымша бекеттер жасалады.

ҚР Президенті «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында кәсіпкерлікті дамыту арқылы балалардың қызығушылығын арттыру қажет екенін айтқан еді.

Әрбір табысты кәсіпкердің артында одан сәл кем табысты жүздеген, ал олардың артында – жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізуге тырысатын, оның өзі экономика үшін оң әсерге ие мыңдаған ұсақ кәсіпкерлер тұратындығын түсіну маңызды. Балалар кәсіпкер болуды және стартаптарды жасауды армандайтын, өз идеяларымен Қазақстанды ішінен өзгертетін жағдайға қол жеткізу қажет, — делінген бағдарламада.

Сондықтан қаладағы әр шағын кәсіп иесін ынталандырып, қызметтеріне қолдау көрсету мақсатында Бауыржан Байбек кәсіпкерлермен жүздесіп, қайта жасалған даңғылдарда орналасқан сауда объектілерін көрді.

Абылай хан даңғылындағы «Лакомка» кондитер дүкенінің сатушысы жөндеу жұмыстарынан соң және ұзақ уақыт бойына бос тұрған фонтанның іске қосылуы барысында келуішілердің едәуір көбейгенін айтты.

Сатып алушылар жиі келе бастады, тіпті сендер жаңадан ашылдыңдар ма деп сұрайды. Ал біз мұнда көптен бері жұмыс жасаймыз. Айнала таза, бәріміз ризамыз, — деді сатушы.

акимат
Фото: Алматы ішкі саясат басқармасы

Бір ай бұрын ғана жаңарған «Алматыкітап» дүкенінің сатушысы Наталья Кох Абай даңғылын реконструкциялау арқасында кітапқа деген қызығушылықтың артқанын жеткізді.

Сіздер сыртты жаңаласаңыздар, біз ішті әрлеудеміз. Оның барлығы оң нәтиже беруде. Жаңарған жерлерде серуендеушілер саны артты, кітап витринасына көз салып, келушілер де көбейді, — деді Наталья Кох.

Айта кетейік, Алматыда тарихи орталықтардың үштен екісі жаңарды. 524 көше мен 1400 ескі аула қайта жаңғыртылды.

Жыл аяғына дейін қаланың жарық көздерінің үштен бірі диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылады. Жаңарған қоғамдық көліктің үлесі 80%-ға жетеді.