Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының үйі ашылды

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйі салтанатты жағдайда ашылды. Жоғары халықаралық стандарттарға және қауіпсіздік талаптарына сай жасалған офистің ашылуына елшілік корпустарының және БҰҰ-ның 14 өңірлік офисінің өкілдері қатысты.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек Алматының тұрақты дамуды ұстанатынын айтты. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында қоғамдық кеңістік модернизацияланып жатыр, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалып отыр. БҰҰ-ның Даму бағдарламасына сай «Тұрақты көлік» жобасы қолға алынды.

Алматыда 29 консулдық және сауда өкілдіктері бар, сонымен қатар ірі трансұлттық компаниялардың 60-тан астам кеңсесі орналасқан. Қазақстан — бейбітшілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Мемлекет басшысының институционал реформаларының арқасында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Біз қаланы халықаралық ұйымдардың өңірлік хабына айналдыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгін ДДҰ Алматы декларациясына қол қойылғанына 40 жыл толуына арналған «Мэрлер саммитінің» өтуіне орайластырылған БҰҰ-ы жаңа үйінің таныстырылымы біздің ынтымағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін, — деді Бауыржан Байбек.

ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Хан Алматыдағы жаңа офистің өңірлік өкілдіктер қызметіне тың серпіліс беретінін, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатынын, Қазақстанның да БҰҰ-ның одан әрі дамуына барынша ықпал ететінін айтты.

БҰҰ Бас хатшысының атынан Қазақстанға, Сыртқы істер министрлігіне, қала әкімшілігіне осындай игі шараларды жүзеге асырғаны және барлық өңірде тұрақты дамуды мақсат еткені үшін алғыс айтамын. Бұл жаңа офис халықаралық ұйымдармен ғана емес, сонымен қатар елдің дарынды жастарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді, — деді Афшан Хан.

БҰҰ үйі
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

БҰҰ үйі қаланың іскер ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын жерге орналасқан. БҰҰ-ның өкілдігі жаңа офиске осы жылдың аяғында көшеді.