23 қазандағы ауа райы: жел мен көктайғақ

«Қазгидромет» кәсіпорны синоптиктерінің мәліметінше, 23 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде күн жауын-шашынсыз болады, тек республиканың солтүстік-шығыс, шығыс жартысында циклонның өтуіне байланысты тағы да тұрақсыз ауа райы қалыптасады, кей жерлерде жауын-шашын болады. Өңірлерде жел күшейеді, тұман түседі, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерінде тұман түсіп, оңтүстік-батыстан 15-20 метр/секунд жел соғады, кей жерлерде жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді. Өңірде дауылға байланысты ескерту жарияланды.

Шығыс Қазақстан облысында да кей жерлерде тұман түседі, көше-жолдар көктайғақтанады, секундына 15-20 метрге жететін жел соғады.

Жамбыл, Түркістан, Мангыстау облыстарында да секундына 15-20 метрге жететін жел соғады.

Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарының кей жерлерінде күн тұманды болады.