Бүгін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында екі ел арасындағы өнеркәсіп, машина жасау, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, экономика мен жоғары технологиялар саласында бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
ҚР мен ҚХР арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың жаңа драйверіне айналған, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының түйіндесуі аясындағы өзара іс-қимыл тақырыптары қаралды.
Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 3 қаңтарда орнады. 2017 жылы Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесіне айналды. Еліміздің басқа мемлекеттермен тауар айналымының жалпы көлемінде ҚХР үлесі 17,4% болды (экспорт — 13,4%, импорт — 27,5%). Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 7251,2 миллион доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға жоғары. Экспорт 5,9%-ға өсіп, 3753,7 миллион долларға жетті. Импорт 3498,2 миллион доллар болды.
Экспорттың негізгі тауарлары арасында ауыл шаруашылығы өнімдері, мыс және мыстан жасалған катодтар, табиғи газ, ферроқорытпалар, кен және мысты концентраттар және шикі мұнай бар.