Басты бетЖаңалықтарНұрлан Нығматулин...

Нұрлан Нығматулин вице-министрге мемлекеттік тілді үйренуді ескертті

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қазақша қойылған сұраққа орысша жауап берген үшін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен сөз естіп қалды.

Бүгін Мәжілісте «ҚР «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Отырыста депутат Мұсырман Кәрібаев Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға өзін толғандырып жүрген сауалға жауап беруін сұрады.

Бибігүл Амангелдіқызы, бюджетті көктемгі нақтылау кезінде Мемлекет басшысы Жолдауында қойылған міндеттерді және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын», сонымен бірге басқа да міндеттерді іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігінің шығыстары 117 миллиард 800 миллион теңгеге ұлғайды. Алайда қазіргі таңда аталған сома 23 миллиард теңгеге азайтылды. Бұл бөлінген қосымша қаражаттың шамамен 20%-на тең. Министрліктің қосымша бөлінген бюджет қаражатының осынша қомақты сомасын игермеу себебі қандай? Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын толық әрі уақтылы орындауға теріс әсерін тигізбей ме?, — деді ол.

Вице-министр сұраққа орысша жауап берді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Бибігүл Асыловаға қазақша сөйлеуді үйренетін уақыт келгенін айтты.

Бибігүл Амангелдіқызы, сіз Мәжілісте барлық мұғалім мен оқушыны 3 айда ағылшынша үйретіп жатырмыз дедіңіз. Бірақ сізге де мемлекеттік тілді үйренетін уақыт келген шығар, — деді Нұрлан Нығматулин.

ДереккөзBaq.kz